ҚР Президенті әкімдермен кеңес өткізді
Нақты міндеттер жүктеді. Соның ең негізгілері – халықтың тұрмысын жақсарту мен ішкі тұрақтылықты сақтау. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жыл қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болатынын атап өтті. Оның пікірінше, мерейтойларға арналған іс-шараның барлығы іскерлік сипат алуы тиіс. Яғни Президенттің пікірінше, бұл әдеттегі аста-төк мерекенің бірі емес, қайта идеологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қазақстандықтарды біріктіруге бағытталған прагматикалық шаралар кешені болуы тиіс. Әрі бұл жөнінде Президент әкімшілігі өңірлерге нақты нұсқау беретін болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ әкімдерге өзі жариялаған Волонтер жылын сапалы әрі мазмұнды өткізуді тапсырды. «Бұл кезекті бір акция емес, еліміздің бүкіл аймақтарындағы азаматтардың басым бөлігін қамтитын жүйелі жұмыс және бұл істе атқарушы органдар шешуші рөл атқаруы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен талап-тілектерді тыңдауды, жаңа форматтағы АӘК берудің алғышарттарын дұрыс түсіндіруді, сондай-ақ МӘМС-ті енгізуді тапсырды. Президент аймақ басшыларына халық жиі тұтынатын тауарлар бағасының қымбаттап кетпеуін де қатаң ескертті.