Абу-Даби тақ мұрагері Қазақстан Президентіне ерекше ілтипат танытты
Нақтырақ айтсақ, екі мемлекеттің алыс-берісі былтыр жарты миллиард долларға жуықтапты. Бұл екі жақтың экономикалық қатынасының жыл сайын қарқындауын көрсетеді. Тараптар өзге салаларда ынтымақтастық орнатуға ниетті.
Президент мінген ұшақ Абу-Даби қаласының әуежайына қонды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елге алғаш рет ресми сапармен барып отыр. Мұндағылар мәртебелі мейманды барлық сән-салтанатымен қарсы алды.
Абу-Даби тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид ҚР Президентіне ерекше ілтипат танытты. Бір-біріне деген құрметі екіжақты кездесуде анық байқалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі ел арасындағы қарым-қатынастар тарихының тамыры терең. Бізді шынайы достық, өзара сенім мен түсіністік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынастарымыздың келешегі зор. Менің сапарымның негізгі мақсаты – екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын.
Мұхаммед бен Заид әл Наһаян, Абу-Даби тақ мұрагері:
- Сізді Біріккен Араб Әмірліктерінде көргеніме қуаныштымын. Әмірліктер басшысының атынан сіздің сапарыңызға табыс тілеймін. Сонымен қатар біздің жақын досымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сәлем жолдаймыз. Қазіргі уақытта елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен өзара ықпалдастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық жан-жақты дамуда.
Қазақстан мен БАӘ арадағы алыс-беріс жыл сайын артып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы жарты миллиард долларға жуықтаған. Араб түбегінен тартылған инвестиция көлемі 2 млрд доллардан асыпты. Сондықтан бұл мемлекет – Қазақстанның осы аймақтағы негізгі сауда серіктесі.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Мен әріптесім экономика және сауда министрімен кездесу өткіздім. Олар бізге жақсы ұсыныс айтып отыр. Презентациясын көрсетті. БАӘ басқа мемлекеттермен бірігіп әуе дәлізін құрмақ. Электрондық жүйелерді біріктіріп, жаңа жобаны бастағалы отырмыз.
Екі жақ құны 10 млрд доллар болатын жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниетті. Басым бағыттардың бірі – туризм. Бұл салада арабтардың мол тәжірибесі бар.
Әмірліктер елге жыл сайын келетін туристердің санын 21 млн адамға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін шетелдік азаматтарға виза беру тәртібін өзгерткен. Бұрын осы құжатпен туристер 3 ай ғана жүре алатын. Енді сол мерзімді 5 жылға дейін ұзартпақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біріккен Араб Әмірліктері – әлемдік туризм саласында көшбасшы мемлекеттердің бірі. Мұндағы компаниялар бұл салада толайым табысқа жеткен. Осыған байланысты сіздерді Қазақстанда туризмді бірлесіп дамытуға шақырамын.
Арабтар туризмді түлеткен соң, құмды өлкені құнартты. Ал қара алтынды бұрыннан игереді. Мұнай бізде де бар. Бірақ қойнаудағы сол қазынаны шикі күйінде шетке сатумен шектеліп жатырмыз. Қаншама байлық қатпардың астында. Соны барлайтын маман тапшы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан жерінің 25% ғана игерілген. Қалғаны әлі зерттелмеді. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу саласында мамандар аз. Ал Әмірліктердегі біраз компаниялардың осы салада мықты тәжірибесі бар. Олар Қазақстанның жер қойнауын зерттеуге өз үлестерін қосар еді.
Қазір Қазақстан билігі арабтардың ірі инвестициялық компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр. Тараптар Атырау облысында полиэтилен шығаратын мұнайхимиялық кешенін салуға ниетті. Қазақстанды баламалы энергия көздерін дамыту мәселесі де қызықтырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің мақсат – 2030 жылға дейін баламалы энергия көздерін өндіру қуатының көлемін 10% ұлғайту. Ол үшін инвестициялық жобаларды дамытуға жіті мән бердік. Қазір 10 мемлекеттен инвестиция тартылды. Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі сынды ірі қаржы институттарымен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:
- Араб әмірлігінің іскер азаматтары Египетте және әлемнің басқа елдерінде жүзеге асырып жатқан күн және жел энергияларын бізге де әкелгісі келгенін айтқан болатын. Біз елімізге қандай тиімділігі бар екенін зерделей отырып, нақты шешім қабылдаймыз.
Алдағы уақытта Қазақстан Парсы шығанағы елдеріне жеткізіп жатқан азық-түлік өнімдерінің көлемін арттыруға ниетті. Ондағы халық біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін жиі тұтынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан экологиялық таза өнімдер шығарады. Барлық халықаралық талапқа сай келеді. Қазір Парсы шығанағындағы 6 мемлекетке өз өнімдерімізді экспорттап жатырмыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман, Кувейт және Катар елдері тұтынады. Осы ретте халал өнімдерді де тасымалдауға дайынбыз.
Арабтардан аларымыз көп. Біраз үйренетініміз бар. Олар да Қазақстанның аяқ алысына, қазіргі қауқарына таңданып отыр. Сондықтан ынтымақтастықты дамыта беруге мүдделі. Әмірліктердің астанасында болған Мемлекет басшысы сапарын ертең Дубайда жалғастырады.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бахытбек Нұртаев