Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны артты
Соңғы тәулікте қауіпті дертке шалдыққандар саны күрт өсті. Бүгінде коронавирус Қытайдың 30 провинциясында анықталды. 25-інде қауіптің жоғары деңгейі жарияланған. Гонконг, Тайвань, Тайланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Макао, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция мен АҚШ-та вирус дерегі анықталған.
Ма Сяовэй, Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының басшысы:
- Гендердің орналасу реті бойынша бұл коронавирустың бұрын табылған SARS пен MERS түрлерінен айырмашылығы барын көреміз. Ол жануарлардан адамға жұғу сатысынан өтіп, адамнан адамға жұғу сатысына көшті. Сондықтан вирус жылдам тарап барады.
Қытайлық мамандар 2019-nCoV коронавирусының ошағы жануарлар етін сататын базар деген тоқтамға келді. Осыдан соң жабайы жануарларды сату мен тасымалдауға тыйым салынды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл вирус инкубациялық кезеңде де қауіпті. Қытай билігі індетпен күресті күшейтіп, 43 млн доллар бөлді. Қаржының басым бөлігі аурхуана құрылысына жұмсалмақ.
Ма Сяовэй, Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының басшысы:
- Біз Уханьға арнайы киім, бетперделер, қолғаптар және медициналық құрал-жабдық жеткізіп, бүкіл ел аумағынан қосымша 900 дәрігер жібердік. Қажет болса, мамандардың өзге топтары дайын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына вирус туралы ақпарат пен оның геномын жібердік.
Жаңа типтегі коронавирустың емі әлі табылмады. Әлем елдері жұқпалы дерттен сақтану мен алдын алу шараларын күшейтіп жатыр. Хубэй провинциясынан өз азаматтарын эвакуациялауға дайын. Алайда 11 млн халқы бар Ухань қаласы карантинге жабылғандықтан, қалаға кіруге не одан шығуға тыйым салынған. Соңғы мәліметке сай қазір онда Қазақстанның 94 азаматы бар.
Жандарбек Бекшин, ҚР Денсаулық сақтау министрліг Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
- Студенттерді қайтару мәселесі қысқа мерзімде шешіледі. Қытайдан және шетелден келген азаматтар 14 күн бақылауда болады. Сараптама жасағаннан кейін күдікті жағдайлар болса, оларды ДДСҰ орталықтарына жіберу қажет.
Сақтықта қорлық жоқ. Осыны қаперге алғандар Қытайға жоспарлаған сапарларын кейінге шегеріп, билеттерін тапсырып жатыр. Туристік операторлар да жолдамаларды сатпауды ұйғарды. Айта кетейік, Air Astana әуе компаниясы Үрімшіге ұшатын рейстерді 24 қаңтардан бастап тоқтатқан. Бейжіңге рейстер ертеңнен бастап қатынамайды. Ал Scat компаниясы 27 және 30 қаңтарға жоспарланған Нұр Сұлтан-Санья, Алматы-Хайкоу рейстерін орындамайтын болды. «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының мәліметінше, Қытайда мыңға жуық Қазақстан азаматы бар. Дені – Хайнань аралындағы туристер. Бүгін белгілі болғандай онда коронавирустан Қытайдың бір азаматы көз жұмды.
Авторы: Меруерт Жақан