Елордада төтенше жағдай жарияланды
Минут сайын хабарлама келіп жатқанына қарамастан, жолға шығып кеткен жолаушылар көп. Мысалы, кеше Щучинск-Нұр-Сұлтан бағытында 100 көлік қарда қалды. 360 жолаушы ақыры жете алмай, Ақкөл ауылында түнеуге мәжбүр болған, оның 40-ы – бала. Елордаға олар бүгін жеткізілді.
Бауыржан Сыздықов, Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
- Жолға шықпауына төтенше жағдай жарияланғаны емес, дауылды ескерту жарияланғаны әсер етеді. Дауылды ескерту алған кезде жолаушылардың ұзақ жолға, қаланың сыртына шығуға құқығы жоқ. Соны біздің азаматтар дұрыс түсінуі тиіс.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы балабақша мен колледждердің жұмыс істемейтінін әрі жұмыс күнін қысқарту туралы ескерткен. Айтпақшы, мұндай жағдайдың жағымды жағы да бар. Бұл күндері жұмысқа бармауға әркімнің құқы бар.
Бауыржан Сыздықов, Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
- Біз қалада бүгіннен бастап төтенше жағдай режимі енгізілгенін ұмытпауымыз керек. «Қазгидромет» мамандары дауылды ескерту жариялағанда ауа райы жағдайы туралы анықтама береді. Кез келген азамат бұл анықтаманы алып, жұмыс орнына ұсына алады.
Қала іші ақтүтек боран. Жол белгілері көрінбейді. Алайда «Сергек» сергектік танытып, жол тәртібін бұзғандарды қалт жібермей тұр. Елорда полициясы: «Жолақтан шығып кеткен жүргізушілерге айыппұл салынбайды», – деп сендіріп отыр.
Елжан Чупеков, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Автобус үшін бөлінген жолақтармен, тоқтау сызықтарымен жүргені үшін және қарама-қарсы жолға байқаусызда шыққаны үшін айыппұл салынбайды. Біз айыппұл салғанда айғақтарды ұсынуымыз керек. Егер бұл тоқтау сызығы болса, онда фотосуретте тоқтау сызығы мен жол ережесін бұзып, автомобиль жолды кесіп өткен сәт бейнелену керек. Қазір мұны дәлелдеу мүмкін емес.
Осы күндері жылдағы мөлшерден 3 есе артық қар түскен. Өткен бір күнде 9 мың текше метрге жуық қар қала сыртына шығарылды. «Астана тазалық» қыс басталғалы қаладан 2,5 млн текше метр қар шығарған. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 55% көп.
Медеу Ражанов, «Астана тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Әр ауданда 1 қар жинайтын орын бар. Мысалы, Есіл ауданы бойынша мұндай екі орын толып, жабылды. Тағы үшіншісін аштық. Осыған қарап-ақ қалаға қардың түсу қарқыны мен оны шығару жұмысын бағалауға болады.
«Алдағы екі күнде боран басылады», – дейді «Қазгидромет» мамандары. Сосын аяз күшіне мінеді.
Алуа Саханова, «Қазгидромет» РМК ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасының басшысы:
- 22-24 қаңтар аралығында «Қазгидромет» ескерту жариялаған болатын. Ол жерде қар жауатыны және оңтүстік-батыстан секундына 15-20, 23-28 метр жылдамдықпен жел соғатыны айтылған. 26-27 қаңтар күндері қатты жел соғып, 6 мм қар жауды. 29 қаңтар күні түнде қар жауып, тұман түссе, 30 қаңтар күні тұман болып, түнде -26°-28°, ал күндіз -16°-18°аяз болады.
Қаңтар аяқталғанмен, алда ақпан бар. Оның ашық болмайтыны туралы да болжам айтылды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ербол Дайыров