Арабтар Қазақстанда жүзеге асып жатқан жобалармен танысты
Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен әлемдегі жетекші мұнай компаниясының бас директоры Сұлтан Ахмед әл-Джабермен жолықты. Бұл кәсіпорын – БАӘ-дегі мұнай мен газ өндіретін жетекші, ал әлем бойынша төртінші алып компания. Ондағы қара алтын қоры шамамен 100 млрд баррельге жуықтайды. Кәсіпорын күніне 2,4 млн баррельге дейін мұнай өндіреді. Кездесу барысында тараптар әлемдік нарықтағы мұнай мен газ өндірісі жөнінде пікір алмасып, осы саланың Қазақстан мен БАӘ экономикасының негізін құрайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мұнай-газ саласы бойынша көмірсутектерін терең өңдеуге басымдық беріп отырғанын, осыған байланысты Қазақстанда мұнай-химия саласындағы жобаларды дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
Осыдан кейін Президент «Al Nowais Investments» компаниясының Басқарма төрағасы Хуссейн Әл Новейспен кездесті. БАӘ-де ғана емес, Таяу Шығыс аймағындағы ең ірі инвестициялық ұйым саналатын бұл компания көпсалалы бизнес жүргізіп келеді. Оның жылдық айналымы 1 млрд доллардан асады. Хуссейн Әл Новейс Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және т.б. салалар бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы мағлұмат берді. Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңартылған энергия көздеріне инвестиция салып, аталған саланы ілгерілету үшін 2013 жылдан бері елді жасыл экономикаға өткізу тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша көптеген жобалардың қолға алынғанын, 2025 жылға дейінгі денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасының қабылданғанын атап өтті.
Елордадағы «Абу-Даби Плаза» кешені биыл жазда қолданысқа беріледі. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен құрылысқа жауапты компанияның басшысы Мұхаммед Әл Мүбәрактың кездесуі кезінде мәлім болды. Араб кәсіпкері: «Құрылысты аяқтау алдағы шілде айына жоспарланған», – деді. Қала күні кезінде кешенді ел игілігіне беру көзделген екен. Қасым-Жомарт Тоқаев әңгімелесу барысында туризм индустриясындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне назар аударды. Одан бөлек, Қазақстанда басымдыққа ие 10 туристік бағыттың анықталғанын атап өтіп, оларды әлемдік деңгейдегі барлық қажетті туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Аталған салаға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары, оның ішінде салықтық жеңілдіктер, базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Президенті «Abu Dhabi Global Maket» еркін экономикалық аймағы директорлар кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік министр Ахмед Әли Әл Сайихпен де кездесу өткізді. Тараптар Абу-Даби еркін экономикалық аймағының АХҚО-мен бірлескен жобаларының жүзеге асырылуы жайында әңгімелесті. Ахмед Әли Әл Сайихтың айтуынша, өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде нақты жоспарлар бар. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған еркін экономикалық аймағының елімізде атқарып жатқан жұмысына ризашылық білдіріп, қаржы нарығын реттеу саласындағы ықпалдастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.