Ауылдарда азық-түлік бағасын бақылау үшін жедел желі іске қосылды
Оның мақсаты – оңтайлы сәтті пайдаланып, халыққа күнделікті қажет тауарлардың бағасын қымбаттатып, оңай олжа тапқысы келетін пысықайлардың әрекетіне тосқауыл қою. Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өкілдерінің сөзіне сенсек, өткен демалыс күндері аймақта бірнеше ауылда азық-түлік жетіспеушілігі байқалған. Өңірде қазір бірқатар жол әлі де жабық жатыр. Яғни көптеген ауылға жету қиындық тудырады. «Сондықтан осы сәтті пайдаланып, азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуіне жол бермеу керек», – дейді мамандар.
Жасұлан Айдрахманов, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Елді мекендерде қандай да бір дүкенде азық-түлік жетіспеушілігін байқаған тұрғындар біздің басқарманың 24-00-25 және 24-00-21 нөмірлеріне қоңырау шалып, хабарлай алады. Ал бағаның негізсіз қымбаттауын көрген болсаңыздар, 50-43-55 немесе 50-40-23 нөмірлері арқылы мәлімдей аласыздар. Барлық жағдай бойынша шара қолдануға тырысамыз.