Ел аймақтарында қар құрсауынан мыңдаған адам шығарылды
Өткен демалыс күндері Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының ескертулеріне қарамастан, алыс сапарға шығып, жолда қалған 1000-нан астам адам құтқарылды.
Қалың қар салдарынан жедел медициналық қызмет көліктері діттеген жеріне жете алмай жатыр. Өкінішке қарай, ауа райының бұзылуы Павлодар облысындағы 5 адамның өмірін қиды.
СҚО-да ақтүтек бораннан барлық бағыттағы жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Өткен демалыс күндері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қар құрсауынан 150 жолаушыны құтқарды. «Қолайсыз ауа райына қарамастан, жолға шығып, батып қалғандар жетерлік», – дейді мамандар.
Ерік Сарыбаев, ТЖД бастығының орынбасары:
- Алдағы 1-2 метр жерден көрінбейтіндей боран болды. Осыған байланысты 20 км жердегі қалып қойған техникадағы адамдарды құтқарудың өзіне 3-4 сағат біздің құтқарушылар жүріп барып отырды. Жоғары өтімді техниканың өзімен сондай жағдайлар болды.
Қарағанды облысында да барлық бағыттағы жолдар жабық. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері жаппай сабақтан босатылған. Түнде басталған боран әлі де сейілмей тұр. Өткен түнде төтенше жағдай қызметінің мамандары 319 адамды қар құрсауынан шығарған. Қазір 82 адам жылыту бекеттеріне орналастырылды.
Павлодар облысында қолайсыз ауа райының салдарынан 5 адам көз жұмды. Екі адам жол апатынан қаза тапса, өрт сөндірушілер жеткенше Надаров ауылының 3 тұрғыны үйде тірідей жанып кетті.
Самат Асайынов, ТЖД бастығының орынбасары:
- Өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жетті. Жолдан өтуде қиындықтар болды. Сондықтан Надаровка ауылынан К-700 көлігі қарсы шығып, жолды тазалады. 47 шақырымды өтуге бір сағат жұмсадық.
Үздіксіз соққан боранның кесірінен Қостанай облысындағы Қамысты ауданында ұзын-сонар көлік кептелісі болған. Әлеуметтік желі қолданушылардың айтуынша, Ливанов ауылына дейін жол тазаланса, әрі қарай көлік қозғалысына тыйым салынған. Ал медициналық көмекке мұқтаж болған жүкті әйел шалғай ауылдан аудандық ауруханаға құтқарушылардың көмегімен жеткізіліпті.
Уәлихан Досанов, ТЖД баспасөз хатшысы:
- Соңғы екі тәулікте құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Барлығы жолда қалған 23 көлік шығарылып, 121 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Олардың алтауы – бала.
Қостанай облысында өткен маусыммен салыстырғанда 3 есе көп қар жауды. Коммуналдық сала мамандары күшейтілген тәртіптегі жұмысқа көшкен. Бұл мақсатта 150 арнайы техника жұмылдырылған. Жыл басынан бері қала сыртына 550 мың текше метр ақ ұлпа полигонға шығарылды.
Өскеменде қала әкімінің орынбасарынан бастап барлық коммуналдық сала басшылары қар тазалау жұмыстарына кіріскен. Полицейлер де атсалысып, ақ ұлпаны тазалауға кедергі келтірген көліктерді айыппұл тұрағына әкетіп жатыр. Соңғы екі күнде 12 темір тұлпар жол шетінен алынған.
Ақтөбе облысында да екі бірдей ауданаралық бағыттағы жол жабық тұр. Өткен демалыс күндері Төтенше жағдай департаменті мен жергілікті полиция қызметі өкілдері қалың қар басқан жолдардан 32 адамды құтқарды. 113 жолаушы жылыту бекеттеріне жеткізілді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров