Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан «Қорғас» орталығы жабылды
Көрші елдегі жағдайдың ушығуына байланысты бұл мерзім 15 ақпанға дейін ұзартылды. Қазір «Нұр жолы» мен «Қалжат» өткізу бекеті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Өйткені Қытай Халық Республикасындағы тұмауға шалдығушылар туралы дерек сәт сайын өзгеруде. Ал «Қорғас» арқылы күніне 10 мың адам әрі-бері өтеді. Тауар тасушылар саны демалыс күндері шамамен 2 есеге дейін өседі. «Сол себепті сақтық шараларын барынша күшейтуіміз керек», – дейді мамандар.
Батыржан Байжұманов, облыс әкімінің орынбасары:
- Алматы облысында осындай 6 кеден бекеті бар. Онда адамның дене қызуын жедел анықтайтын құрылғылар орнатылған. «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы орталығының жұмысын уақытша тоқтату мерзімі одан әрі қарай да ұзаруы мүмкін. Ол енді көрші елдегі жағдайға байланысты болады.
«Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы орталығындағы медициналық пункттер таратылды. Оның орнына білікті мамандармен, заманға сай қондырғы және құрал-жабдықтармен қамтылған арнайы медициналық бөлімше құрылатын болды. «Нұр жолы» және «Қалжат» өткізу бекетіндегі бақылау да күшейтілді.
Ризабек Қалиаждаров, «Нұр жолы» өткізу бекетінің басшысы:
- Аурудың белгісі бар адамдарды тапқан кездегі жұмыс істеу тәртібімізді біз бекіттік. Ол жаңағы аудандық қызметтерді уақытымен хабарлаймыз. Олар келгенше күдікті адамды оқшаулау бөлмесіне орналастырамыз. Оқшаулау бөлмесі бар. Ол қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Панфилов, Ұйғыр, Алакөл ауданындағы ауруханалардың жанынан 20 адамға арналған қосымша инфекциялық бөлімшелер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Олар жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға арналған медициналық жабдықтармен, техникалармен қамтамасыз етілді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев