Ауа райы салдарынан халықаралық бағыттағы жолдар жабылды
Жамбыл облысында боран салдарынан Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізі және Жаңатас-Қаратау жолы жабылды. Халықаралық жолда Айша бибі ауылынан бастап Түркістан облысының шекарасына дейінгі аралықта көлік қозғалысына шектеу қойылды. Дәл осы жол кеше де жабылып, жүздеген адам жолда қалған болатын. Құтқарушылар қар құрсауынан 76 адамды шығарды. Тағы 200-дей адам пойызбен жөнелтілді. Халықаралық дәліз уақытша ашылған, алайда қайта жабылды. Қазір жол бойында 6 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр.
Бұл жолғы боран еліміздің біраз аймағын әбден әбігерге салды. Мыңдаған көлік істен шығып, жолда қалған.
Қарлы боран Қарағанды облысында басылар емес. Соған қарамастан, өткен түнде 50 адам жолға шыққан. Олардың төртеуі – бала. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Төтенше жағдай қызметі жолаушыларды қауіпсіз жерге жеткізді. Дегенмен маңызды себеппен ауылдан шығуға мәжбүр болғандар да бар. Тоғызқұдық ауылында тұратын 4 жасар сәби қатты науқастанып, ол аудандық ауруханаға құтқарушылардың көмегімен жеткізілген. Айта кету керек, қазір өңірде барлық бағыттағы жолдар жабылып, жолаушылар 6 жылыту бекетіне орналастырылған.
Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
- 95 адам жылыту бекеттеріне жеткізілді. Оларға жергілікті әкімшіліктер ыстық тамақ беріп, жататын орындарын шешіп берді. Біздің қызметкерлер ауырып қалған адамдарды ауылдардан, жолы жоқ жерлерден алып шығып, ауруханаларға жеткізіп жатыр.
Елорда маңы мен Щучинск-Нұр-Сұлтан тасжолының бойында көптеген көлік қар құрсауында қалып қойды. Оларды ақ ұлпа астынан алып шығуға Ұлттық Ұланның арнайы техникалары жұмылдырылған. Жалпы аймақта бірқатар тасжол бірнеше күннен бері жабық.
Ал СҚО-да ауладағы қарды жол үстіне тастағандар әкімшілік жауапқа тартылып жатыр. Бүгінгі таңда полицейлер 200 адамға ескерту жасады. Келесі жолы айыппұл салынады.
Баян Байғаскина, СҚО Полиция департаменті ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:
- Полицияның учаскелік инспекторлары тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ауладағы және жолдың өту үстіне қар тастамау қажет. Дүкен иелері мен кәсіпкерлермен де түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Еліміздің шығысында толассыз жауған қар жабайы жануарларды да тығырыққа тіреді. Омбы қардың астынан қорек таба алмаған марал елді мекенге жақындаған. Ал жергілікті орманшылар болса, арнайы техника көмегімен күніне екі рет жем-шөп жеткізіп жатыр. «Табиғатынан үркек жануардың ауыл маңына жақын келуі – өте сирек кездесетін жағдай», – дейді мамандар.
Олег Ушаков, қорықшы:
- Күн райы дұрысталғанша оларды жем-шөп шашып қоректендіретін боламыз. Әбден арықтап кеткені байқалып тұр. Мекендеген жерінде су да бар. Күй жинаған соң, жануар өз ортасын табады деп ойлаймыз.
ШҚО-да боран басылар емес. Мұнда қазір күн райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңыздағы Омбы-Майқапшағай, Өскемен-Семей бағытындағы жолдар жабық. Облысаралық Өскемен-Тарғын бағытымен де қатынауға тыйым салынған.
Қостанай облысында да осындай жағдай. 10 шақты елдімекенге баратын жолдарды қар басып қалғандықтан, жолаушыларды құтқару жұмыстары күні-түні жалғасып жатыр.
Авторы: Дамир Берікұлы