Инвесторлар Қазақстан экономикасының түрлі саласына қаржы құюға әзір
Мұнда көрікті орындар көп. Шеттен туристер ғана емес, қаржыгерлер де жаппай ағылып жатыр. Өйткені Дубай іскерлерге тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қалаға арнайы келіп, елдің вице-президенті әрі премьер-министрі, Дубай билеушісі Мұхаммед бен Рашид әл Мактуммен кездесті. Тараптар өзара байланысты одан әрі дамытуға ниетті.
Елімізде осыдан 5 жыл бұрын «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастаған еді. Үлгісін осы арабтардан алдық. Ал Дубайдағы орталықтың құрылғанына 17 жылға жуықтады. Қазір әлем бойынша сәтті жүзеге асып жатқан жүздеген жобаны қаржыландырып отыр.
Астана және Дубай қаржы орталықтары алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істей береді. Арабтар біздің елге инвестиция құюға әзір. Оларды мұнай-химия және туризм саласы көбірек қызықтырып отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дубайдағы инвестициялық корпорацияның бас атқарушы директоры Мұхаммед аш Шайбанимен кездесуінде айтылды.
Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының төрағасы:
- Бұл сапар елімізге жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Дубай қаласында жұмыс істеп жатқан Таяу Шығыс елдерінің көптеген инвесторы өз жобаларын жүзеге асырғысы келеді. Өйткені Қазақстанда қаржыгерлерге барлық жағдай жасалған.
Абу-Дабиде өткен бизнес форумда Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторларды біздің елде жұмыс істеуге шақырған еді. Қазір кен өндіру өнеркәсібінде, металлургия, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында тың жобалар бар. Олардың жалпы құны 40 млрд долларға жуықтайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұлттық мұнай-газ компаниясы, теміржолдар, телекоммуникалық компаниялар және басқа да кәсіпорындар сияқты ірі мемлекеттік стратегиялық активтерімізді ІРО-ға шығаратын орын болады. Біз сіздерді және жекелеген корпорациялар мен әл-ауқат қорларын жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырамыз.
Қазірдің өзінде біздің елде өз жобасын іске асырып жатқан инвесторлар бар. Елордада және Алматы қаласында екі бірдей халықаралық мектеп салынады. Ондай оқу орындары қазір АҚШ-та және Ұлыбритания елдерінде бар. Әрбір білім ошағы 5 мың балаға шақталмақ.
Виктор Саад, халықаралық білім беру холдингінің вице-президенті:
- Біз білім жүйесінде өзіндік орны бар орталық екенімізді сеніммен айта аламын. Себебі ағарту саласында 130 жылдан астам тәжірибеміз бар. Қазақстанда екі бірдей кампты ашуды жоспарлап отырмыз. Олардың құрылысына 70 млн доллар көлемінде жұмсалады. Бұл – ерекше жоба.
Биыл Дубайда өтетін EXPO халықаралық көрмесіне Қазақстан да қатысады. Ұзын-ырғасы 192 мемлекет өз жобаларын ұсынбақ. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 25 млн адам келеді деп күтілуде. Біздің павильон орналасатын аумақ 3,5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Қазір құрылысы жүруде.
Нұрбек Ергешбаев, «EXPO-2017» ҰК Халықаралық қатынастар департаментінің директоры:
- Осындай ауқымды шаралар Қазақстан мен БАӘ арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Сарапшылар осыған кәміл сеніп отыр.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев