Прагада Абайдың 175 жылдығына орай мәдени-ақпарат орталығы ашылды
Жобаны Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасы Чехия ұлттық кітапханасымен бірлесіп, жүзеге асырды.
Абай орталығы Чехия ұлттық кітапханасы ғимаратында ашылды. Елдегі ең көне кітапхана қорында 7 млн-нан аса кітап сақталған. Енді осында келетін мыңдаған оқырманның ұлы Абай туындыларымен танысуына мүмкіндігі бар.
Мартин Касандо, Чехия ұлттық кітапханасының директоры:
- Қазақстан мен Чехия алыс орналасқан. Азаматтарымыз Қазақстанды аса жақсы білмейді. Абай орталығы чехтарға Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті және ұлы жазушы Абаймен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Осындай шараны ұйымдастыру біз үшін үлкен абырой.
Абай орталығы – қазақ халқының ұлы ақыны мен ағартушысының ішкі дүниесін терең ашуға мүмкіндік беретін мол қазына. Мұнда ондаған сурет пен фотография қойылған. Бір мыңнан аса кітап бар. Жаңа басылымдармен қатар сирек кездесетін көне даналар да бар. Оларды Абайдың туған өлкесі Семейден арнайы әкелді. Сондай-ақ құлаққаптардың көмегімен Абайдың қара сөздерін үш тілде тыңдауға болады.
Үмітхан Мұналбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры:
- Абай мұрасын Алмахан апай 32 жыл бойы жинап жүрген. Бұл кісі өз қорында бар бүкіл суретті кітапханамызға сыйлады. Біз осында Абай өмірінің түрлі кезеңдері, яғни балалық шағы, жас кезі және шығармашылықпен айналысқан кезіне қатысты деректерді ұсынып отырмыз.
Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы:
- Бұл – Абайдың 1909 жылғы жинақ көшірмесі. Қалғандары сол 30-шы жылдарға дейін шыққан жинақтар. Бұлардың құндылығы – кейбір өлеңдерінің алғаш рет баспасөзге басылғанында. Сондықтан да түпнұсқа болып табылады.
Орталықты ашу салтанатына Чехия Парламентінің депутататтары мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Қазақстан зиялы қауымының өкілдері де арнайы келді. Сарапшылар Абай орталығы екі халықты жақындастыра түсіп, елімізге қызығушылықты арттыратынына сенімді.
Станислав Берковец, Чехия Парламентінің депутаты:
- Кітапханалар осындай жобаны жүзеге асырғанына ризамын. Тіпті Чехия Парламентінде де Қазақстанға үлкен қызуғышылық бар. Жеке өзім Абай шығармашылығымен таныспын. Осы көрмеде ол туралы көбірек білетініме сенімдімін. Жұмыстан бос уақытымда міндетті түрде Абай орталығына тағы да бір рет барамын.
Абай орталығының ашылуына Чехияда оқитын студенттеріміз де риза. Келесі аптадан бастап олар осында шығармашылық кештер ұйымдастырып, өз достарын шақыруды көздеп отыр.
Дәулет Түймебай, студент:
- Мәдениетіміз бен даралығымызды айшықтайтын бірқатар шараны өткізу жоспарымызда бар. Дарынды студенттеріміз өз өнерін көрсетіп, қобыз бен домбырада ойнайды. Абай өлеңдерін оқып, достарымызды шығармашылығымен таныстырамыз.
Абай орталығы үш ай бойы жұмыс істейді. Осы мезгілде Прага тұрғындары мен қала қонақтары Қазақстанның әдеби мұрасымен таныса алады.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский