Мәжіліс депутаттары: Bek Air компаниясы құлаған ұшақ жолаушыларына өтемақы төлеуі тиіс
Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» партиясының фракциясы Премьер-Министр мен бас прокурорға осындай депутаттық сауал жолдады. Азат Перуашевтің айтуынша, Bek Air басшылығы қаралы оқиғадан кейін Үкіметтік комиссияның ресми қорытындысын күтпей, өз болжамдарын жариялаған. Мұны «қоғамға және тергеу барысына ықпал етуге ұмтылу» деп бағалауға болады. Қаншама адамның өмірі қиылды, тірі қалғандардың көбі мүгедек. Ал жауапты компания заңды өтемақы төлемек түгілі өз еркімен қолдау да көрсетпеген. Депутаттар тоқтатылған рейстер үшін жолаушылардың билет ақшасының қайтарылуын сұрады. Бұдан бөлек Парламент басшылығына тергеу қорытындысы бойынша елдегі ұшу қауіпсіздігінің жай-күйі туралы парламенттік тыңдау өткізу ұсынылды.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметтік комиссия жұмыс істегелі 1 ай болды. Алайда Bek Air кінәлі қызметкерлеріне не басқа жауапты тұлғаларға қатысты ақпарат жоқ. Ешкім кек алып, жазалауды мақсат етіп отырған жоқ. Ең болмағанда осы әуе апатынан қаза тапқан азаматтарымызға қатысты әділдік болуы тиіс. Бас прокуратура Bek Air компаниясын жолаушыларға моральдық шығын ретінде өтемақы төлеуге міндеттеуін сұраймыз. Сондай-ақ тоқтатылған рейстер үшін билет ақшасы қайтарылуы тиіс.
Мәжіліс отырысынан шыққан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеу әлі жүріп жатқанын айтты. Ұшақ апатынан жарақат алған екінші ұшқыштың қайтыс болуына қатысты сот-медициналық зерттеу тағайындалған.
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- Алдын ала мәліметтер бойынша ұшқыштың қайтыс болуына әуе апатындағы жарақаттар немесе басқа да криминалдық факторлар себеп болмаған. Мәселе оның денсаулығына қатысты. Дегенмен де нақты себепті сот-медициналық сараптама көрсетеді. Оның нәтижесінің шығуына 30 күндей уақыт керек.