Өткен жылы елімізде 40-қа жуық судья жұмыстан қуылған
Алайда жауапты орындар жұмыстан қуылғандардың атын атап, түсін түстеуден бас тартты.
Жасы 70-ке таяған кейуанаға соттың табалдырығын тоздыру, әрине, оңай емес. Екі жыл бұрын Таблида Қожамберлиеваның баласы жұмбақ жағдайда көз жұмады. Артынша келіні соңында қалған мүлікке таласып сотқа арызданады.
Таблида Қожамберлиева, БҚО, Тайпақ ауылының тұрғыны:
- Әкесі екеумізге: «Мұрагер болмайсыңдар», – деді. Бізге: «600 мың береміз, соны алыңдар», – деді. Мен оған келіспедім. «Үшеумізге дұрыстап бөліңдер, соған келісемін», – дедім.
Бірақ сот басқаша шешім қабылдайды. Дүние-мүліктің бәрі келінінің пайдасына шешіледі. Қартайғанда баласынан, баспанасынан айырылған қария далада қалады. «Қазақшаға шорқақ судья шешімді Т.Қожамберлиеваның бір ауыз сөзіне сүйеніп шығара салды», – дейді адвокат.
Бізде үкім шығаруда өрескел қате жіберген судьялардың нақты статистикасы жоқ. Өйткені заң бойынша олар тәуелсіз, ешкімге есеп беруге міндетті емес. Десе де, бірінші сатыдағы судьяның шешімі заңға қайшы келсе, екінші сатыдағы сот оны өзгертуге құқылы. Бірақ адвокаттар: «Олар көп жағдайда бір-бірінің шалыс басқанын жасырады», – деп отыр.
Мұхамеджан Нәлібаев, Ақмола облыстық Адвокаттар алқасының адвокаты:
- Қазақта «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мақал бар ғой. Басты мәселе сол болып жатыр.
Ал таяуда Жоғарғы сот 37 судьяның «заңсыз шешім қабылдады», «сот әдебін бұзды» деген айыппен жұмыстан қуылғанын мәлімдеді.
Сайран Әлімбаева, Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы:
- «1 судьяның республика бойынша пара алғаны туралы қылмысы дәлелденіп, сотталды» десе, әрине, бәріміз қынжыламыз. Ол өзінің мүддесін көздеп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты болуы мүмкін.
Тағы бір себеп – кейбір заңдық нормалардағы қайшылықтар. Бұл соттардың құқықтық қойыртпақ жасауына жол ашып беріп отыр.
Зәуреш Батталова, қоғам белсендісі:
- Біздің заңнамаларымызда нормалар коррупциялық факторлардан пайда болған. Көбісі нақты жазылмаған. Екі ой, екі пікір көрсетілген нормалар бар. Бір заңда былай жазылса, екінші бапта қайшы нормалар бар. Осы қайшылықты пайдаланып өздері қалай ойлайды, солай шешім қабылдайды.
Қазір елімізде әрбір төртінші азаматтың басы дауға қалған. Статистикамен сөйлесек, сотта 3 млн-ға жуық арыз жатыр. Яғни «Екінші тарапты қосқанда, еліміз бойынша 6 млн-ға жуық азамат соттың есігінде жүр» деген сөз. Жүктеменің осыншалықты көбеюі де сот жұмысының сапасына әсер етпей қоймайды.
Сайран Әлімбаева, Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы:
- Аптасына бір іс қарайтын судья бір апта бойы сол іс бойынша ойланып отырады. Жетесіне жетіп, әрбір заңды қарап тексереді. Ал бір аптада 10 іс қарайтын судьяны онымен салыстыруға келмейді.
Айына 100-ге жуық іс қарайтын судья кейде конвейер секілді жұмыс істеуге тура келеді. Ең қауіптісі: олар – адам тағдырының конвейері.
Елназар Манапов, ҚР Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі:
- Бұрын бізде эссе жазу, психологиялық тест тапсыру болмаға. Сұхбаттасу жүргізіледі. Сынақтан сүрініп жатқандар көп. Бұл алдымен құралдардың тиімділігін көрсетеді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Ерденбек Жылқайдарұлы, Марат Таубаев