Ухань қаласынан Қазақстанның 83 азаматы эвакуацияланды
Олардың 80-і – студент. Қытайдан оралған азаматтар елордадан 7 шақырым жерде орналасқан арнайы корпуста, 14 күн карантинде болады. Олар бірінші кезекте коронавирусқа қатысты тексерістен өтеді. Клиника, заманауи диагностикалық, емдік және реанимациялық құралдармен жабдықталған. Карантин кезінде елге келген адамдармен тек аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар медициналық мамандар ғана байланыста болады. «Айта кетейік, олардың туған-туыстары хабардар. Барлығы карантиннің ережесімен таныстырылды», – делінген Үкіметтің ресми хабарламасында. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қытайға жалпы көлемі 13,6 тонна медициналық бұйым гуманитарлық көмек ретінде жіберілген.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
- Эпидемияға қарсы шаралардың күшеюі басталғалы бері мониторингпен 19 мыңға жуық адам қамтылды. Оның 9,6 мыңы қауіп төндірмейтін ретінде мониторингтен алынды. Клиникалардан 39 адам шығарылғаннан кейін жіті респираторлық вирусты инфекция белгілерімен 41 адам емдеуден өтуде. 84 науқас коронавирусты анықтау үшін анализ тапсырды. Оның 74-і теріс нәтиже, 11-і жұмыста. Барлық қажетті ақпаратты 1406 нөмірі бойынша сұрап білуге болады.