Петропавл тұрғындары ұзындығы 20 метрден асатын аққала қалап жатыр
Ол үшін тіпті қажетті күрек-саймандарды арнайы сатып алған. Осылайша таза ауада қар күреп, уақытын тиімді өткізуде.
Александр Грасс, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Әлеуметтік желіден көріп қалдым. «Біз де қол ұшын созайық» деп бірден осында жеттік. Балаларым да бір мезгіл телефондарын тастап, табиғат аясында еңбек етіп, бізге көмектесіп жатыр. Ең бастысы бұл денсаулыққа пайдалы ғой.
Алып аққаланы тұрзызуға шетелдіктер жариялаған байқау түрткі болды. Ережеге сәйкес мүсін еш техниканың көмегінсіз жасалуы қажет. Бүгінге дейін тұрғындардың күшімен шеңберлерге 6-7 камаз қар жиналды. Туындының жалпы ұзындығы 20 метрден асады. Ерекшелігі: аққала биігінен емес, жатқызып қаланып жатыр.
Артем Бухонин, ұйымдастырушы:
- Біз креативті аққала жасайық деп шештік. Интернетті ақтарып бірде-бір жатқызылып жасалған мүсінді көрмедік. Осылайша қаламыздың атын шығаруды көздедік. Бірақ тұрғындардың белсенділігі төмен. Барлық жұмыс аяқталған соң, аққаланы суретші бояп, әсемдейді.
Ерекше туындыны жасап жатқандар бірін-бірі білмейді. Бір қызығы, олар тыныққан сәтте өзара танысып жатты.
Дәстүрлі байқауға Ресей, Украина, және Белорусия елдерінен де командалар қатысып жатыр. Жеңімпаз атанғаны 100 мың рубльмен марапатталады. Егер петропавлдықтардың аққаласы төрешілердің көңілінен шықса, белсенділер ұтып алған қаражатты қайырымдылыққа жұмсамақ.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев