Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 6 трлн теңгеден асты
Халықтың қарызға белшеден батуы тіпті әлеуметтік және саяси шиеленіске дейін ұласып отыр. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін Президент «Несиені оңды-солды беруді доғару керек» деген талап қойған.
Алғашқы экспериментті екінші деңгейдегі банктерден тұрмыстық техника рәсімдеуден бастадық. Банк онлайн келісімді оп-оңай бере салды. Одан кейінгі бағытымыз халыққа қарыз беретін қаржылық ұйымдар болды.
Менеджер көз ілеспес жылдамдықпен есептеп шықты. Қарыздың пайызы мен айыппұл мөлшерін айтудың өзі қорқынышты. Елімізде 5 млн адамның кредиті бар. Халықтың банк алдындағы қарызы 6 трлн теңгеден асты. Ал төленбеген кредиттің көлемі 600 млрд теңгедей. Таяуда әлеуметтанушылар сауалнама жүргізген екен.
Серік Бейсембаев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- «Жарты жыл ішінде несиені төлеуге байланысты қиындықтар туындады ма?» деп сұрақ қойдық. 75%: «Иә, туындады», – деп жауап берді.
Біздегі банк несиелерінің 55% той жасау, өлім-жітім, күнделікті керек-жараққа берілген. Халық несиеге неге құмар? «Несиені оңды-солды таратудың соңы жақсылыққа апармайды», – дейді мамандар. Бірақ банктер бизнесті емес, қарапайым халықты қаржыландыруды тиімді санайды.
Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржы директоры:
- Олар: «Бірден 50% адамның төлей алмауы мүмкін емес», – деп ойлайды. Ал егер экономикалық жағдай нашарлайтын болса, адамдардың көбісінің бір мезгілде төлей алмауы әбден мүмкін.
Ал төленбеген несие жегі құрт сияқты. Банкке де, мемлекетке де түбі жақсылық әкелмейді. Сондықтан мемлекет өткен жылы 500 мың теңге адамның несиесін төлеп берді. Бірақ экономистер: «Мұны жүйелі түрде жалғастыруға болмайды», – дейді.
Қайырбек Арыстанбек, экономист:
- Біздің мемлекет банктерді жаман үйретіп алды. Банктердің жұмыс істемейтін несиелері көбейіп кетсе, соны тазартып беру. Айналым капиталы жетпей жатса, ұлттық қордан қаражат бөлу деген сияқты.
Бірақ ел Президенті: «Табысы төмендерге кредит берілмесін», – деп отыр. Халықтың бұған көзқарасы сан қилы. Қалай болғанда да Ұлттық банк: «Бұдан былай несие алушылардың құжаты майшаммен қаралады», – дейді.
Әсем Нұрғалиева, Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры:
- Егер айлығы 100 мың теңге болып, ал ай сайынғы төлемі 50 мың теңге болса, мұндай адамға кредит берілмейді. Яғни бір айдағы төлемі тапқан табысының 50% аспауы керек. Сосын несие тарихын қараймыз.
Құжат 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бірақ бұл тәртіп біз эксперимент жүргізген қаржы ұйымдарына әлі жетпеген тәрізді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Бекболат Базаров, Марат Таубаев