Елордада волонтерлер 200 үйдің ауласын қардан тазартып берді
Ал қалың қасаттың зардабы қалай болатынын елордалықтар жақсы біледі.
Мұндайда қауіптің алдын алу үшін «Біз біргеміз!» деп волонтерлер бел шешіп іске кірісті. Жыл басынан бері 50 мыңдай волонтер жер үйлердің ауласындағы 48 текше метр қарды шығарып беріпті.
Маржан өз көзіне өзі сене алар емес. Таңертең ғана аулада тау боп үйіліп жатқан қар әп-сәтте тазарып шыға келді. Жалғызбасты ана ауласын өздігінен тазарта алмайтын болған соң көмек сұрап, әкімдікке қоңырау шалған. Арада бір сағат өтер-өтпес волонтерлер сау ете қалды.
Маржан Ахметжанова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Әуел баста 5-6 бала келіп көмектеседі деп ойлағанмын. Бірақ техника да келді. Көп-көп рахмет! Өте қуаныштымын.
Мұндағы тұрғындардың дені: зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар. Қарды толық тазартуға шамалары келе бермейді. Сондықтан жыл сайын бұл көше көктемде судың астында қалады. Ал биыл жыл басталмай жатып 200-дей жер үйдің ауласы волонтерлердің арқасында қардан толық тазартылды.
Ақерке Ақтай, волонтер:
- Көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жалғызбасты аналар, қарттарға, 200-ден астам жер үйлерге барып, «Біз біргеміз!» акциясы аясында игі іс жасап жатырмыз.
Волонтерлерде көмекке мұқтаж жандардың әкімдік берген арнайы тізімі бар. Маржанның ауласын тазартып болған соң келесі үйге аттанбақшы. Көбіне өтініш Сарыарқа, Байқоңыр ауданынан келіп түседі. Ал жастар ешқашан еңбегін бұлдаған емес.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Дәурен Жұрхабаев