Атырау облысы орталығында 259 жабайы қоқыс алаңы анықталды
Олар үйлерінің іргесінен пайда болған құрылыс қалдықтарынының зардабын тартып келеді. Бір кезде әлдебір заңды тұлғаға берілген жер телімі қоқысқа толып тұр. Қоқысқа көмілген атыраулықтар енді арызын экологтар мен жергілікті билікке жолдапты. Алайда әзірге жауапты мекемелерден жауап жоқ.
Атырау ықшам ауданы негізінен жеке секторға жатады. Мұнда көп қабатты үйлер мен ірі кәсіпорындар жоқ. Соған қарамастан көшелердің қазіргі күйі алаңдатарлықтай.
Жалпы Атырау қаласы бойынша осындай 259 заңсыз жиналған қоқыс алаңы тіркелген. Жергілікті билік оларды тазартып әлек. Былтыр қала бойыныша 200 тонна тұрмыстық қалдық шығарылыпты. «Арнаулы автобаза» жанынан жұмыс тобы құрылып жұмысқа кіріскен.
Әлібек Науаров, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Атырау ықшам ауданындағы жер телімдеріне тегістеу мақсатында құрылыс қалдықтарын төккен. Оның үстіне тұрғындар тұрмыстық қалдықтар тастаған. Қазіргі таңда тиісті шаралар жасалуда. Өкілетті органдардан хаттар жіберілді.
Қала тұрғындарын алаңдатқан проблемаға енді құқық қорғау органадары мен экологтар да назар аудара бастады. Табиғат қорғау прокуратурасынан білгеніміз, бүгінде Атырау қаласы мен оған жалғас Махамбет ауданының аумағында осындай 546 қоқыс алаңы бар екен. Күн жылынысымен барлық күш оларды жоюға бағытталады. Сондай-ақ келешекте тұрмыстық немесе құрылыс қалдықтарын заңсыз жерге төккен тұлғаларға талап күшейтілмек. Енді айналаны ластаған заңды тұлғаларға 20-дан 200 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев