2022 жылға дейін аяқталуы тиіс студенттер жатақханасының құрылысы тоқтап тұр
Кәсіпкерлер де нысанға ақша салуға аса ықылас танытпай отырған көрінеді. «Ертеңгі күні ректор ауысып кетсе, арадағы келісімшарт бұзылып, кәсібім кері кетеді», – деп ойлайды екен. Ал еліміз бойынша әрбір үшінші студент жатақхана тапшылығын көріп жүр. Жастардың бұл жайын өзге емес, өздері айтты. Сенат қабырғасына жиналған Жастар кеңесінің мүшелері тізіп берген түйткілдер мұнымен таусылмайды. Мәселен, шәкіртақысынан жырып жарна төлеп отырса да, 4 жыл бойы «Студенттік кәсіподақ ұйымының» шарапатын көрмеген студенттер бар. «Бөлінген қаржы студенттерге көк тиын пайдасы жоқ жобаларға жұмсалады», – деп шағымданып отыр. Ал көру, есту қабілетінен айырылған жастар: «Мәдени ошақтарда жүгіртпе жолдар болса екен», – дейді. Шалғай аймақтан келген белсенділер ауылдық жерлерде сол мәдени ошақтың өзі де жоқ екенін айтып отыр. Бұл Сенат төрағасына таныс түйткілдер боп шықты. «Сондықтан Жастар кеңесін бос әңгіме мен қызыл сөзден тұратын жиналысқа айналдырмай, аталған мәселені шешуге атсалысайық», – деді.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Өткен жыл «Жастар жылы» деп жарияланды, ал ағымдағы жыл – Еріктілер жылы. Бұл жастардың бастамаларын қолдауға арналған әртүрлі бағдарламаларға қосымша серпін береді, сонымен бірге мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетеді. Мемлекеттің қолдауы көпшілікке түсінікті болып, нәтижелері халыққа анық көрінуі керек.