Қазақстанда заңсыз лотерея үшін айыппұл белгіленді
Бүгін Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған заң жобасына осындай норма енгізді. Құжат қабылданса, алаяқтықтың жолы кесіледі.
Сондай-ақ заңды лотерея қаражаты артуы тиіс. Лотерея ойындарын өткізуге құқылы жалғыз оператор табысының 15% ұлттық спортқа аударып келеді. Мәжіліс депутаттары әлі де бірқатар нормаға өзгеріс енгізбек.
Cоңғы кезде әлеуметтік желіде телефоннан бастап, көлік, үй-жайға дейін ұтысқа салынып жүр. Енді осы жарқ-жұрқ жарнама кілт тыйылмаса да, азаятын түрі бар. Мәжіліс қараған лотерея қызметі туралы құжатта айыппұл қарастырылған. Жаңа заңда елімізде лотереямен айналысатын бірыңғай оператормен шарт жасаспай, екінші қайтара ереже бұзса, жеке тұлға 200 АЕК, шағын бизнес иесі 700 АЕК, орта бизнес иесі 1000 АЕК, ал ірі кәсіп иелері 2000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Мәжіліс депутаттары норманы әлі де талқылайды.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Депутаттар осы заңбұзушылықтарды кім анықтайтынын, әкімшілік хаттаманы кім жасайтынын сұрап, ресми сауал жолдады. «Ол – мемлекеттік органның міндеті» деген жауап келді. Нақты кім атқарады?
Былтыр 647 мекенжай бойынша лотерея ойындары заңсыз жүргізілген. 320 қылмыстық іс қозғалып, 600-ге жуық ұтыс өткізілген орын жабылған. 10 мыңнан астам лотерея жабдығы тәркіленген. Бұл жауапқа депутаттардың көңілі толмады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин нақтылықты талап етті. Себебі заңсыздықты тексеруге құзырлы орган жұмылдырылуы тиіс.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Бүгінгі күні министрлікте штаттық бірліктер жетіспейтінін мойындаймыз. Біз әзірге тек қоғамнан жеткен өтініш және бірыңғай оператордың ақпаратын пайдаланып келеміз. Шынында, осы норманы әлі де жетілдіру керек, оған келісеміз.
Алаяқтардың көптігінен жұртшылық лотереяға сенбейді. «Әр қазақстандық бір жылда тек 400 теңге ғана жұмсайды», – дейді оператор басшылығы.
Александр Тен, «Сәтті Жұлдыз» АҚ Президенті:
- Қазір көп жерде викториналық сұрақтар қойып, өзге де амалдармен ұтыс жасайды. Олардың 90% – коммерциялық пайданы көздегендер. Егер мына заң қабылданса, лотереяға түсетін қаржы көбейеді.
Бірыңғай оператор құрылғалы бері 376 млн теңгені ұлттық спорттың дамуына салған. Жаңа құжатта тираждық комиссиялардың міндеті қысқарып қалған.
Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді тираждық комиссиялар тек ұтыс ойыны талаптарының заңға сәйкестігін растаумен ғана шектеледі. Негізгі міндеттерін алып тастау ашықтық пен қоғамдық сенімге нұқсан келтірмей ме?
Бұған себеп – технологиялық үдеріс. Енді қажетті ақпаратты алу Лотереялық есеп беру орталығы кешені арқылы арқылы жүзеге асады. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин барлық механизмді заң нормаларына енгізуді тапсырды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Тираждық комиссиялардың негізгі міндеттерін заңда көрсету керек. Оның құрылуы, ұтыстың нәтижесін растайтын қызметі туралы тәптіштеп жазу қажет. Осы заңнамалық жұмыстағы міндетіміз: лотерея мен ұтыстардың нормативтері мен механизмдерін нақты белгілеген жөн. Оның қорытындысын мемлекеттік және қоғамдық бақылау шараларын да бекіткені игі. Тұтынушылардың құқығы толық қорғалуы тиіс.
Дәл осы лотерея саласында нақты тәртіп пен қатаң қадағалау болуы үшін көп норма екінші оқылымға толықтырылып енгізілетін болды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин