«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жоспары бекітілді
Бағдарлама биыл ұлттық бірегейлік және прагматизм сынды идеологиялық құндылықтарды насихаттау бағытында жұмыс істейді.
Барлық атқарушы орган: «Бағдарламаны іске асыруда білім мен ғылымға құштарлық, еңбексүйгіштік, ұлттық және өркениеттік құндылықтарды насихаттау сияқты шараларға басымдық беру керек», – деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында орындалмай қалған жоспарлар бар». Жиында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай деді. Министрдің айтуынша, 209 тармақтан тұратын бағдарламаның 184-і жүзеге асқан. Яғни 3 жылда меже 88% орындалған.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Негізгі орындалмау себебі: қаржыландырудың болмауы немесе қаражаттың бюджетке қайтарылуы. Әкімдіктердің арасында Алматы, Ақтөбе, Павлодар, СҚО, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы 14 тармақты орындамады. Орталық мемлекеттік органдар 5 тармақты орындамады. Бұлар: Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі.
Басты мәселе – ел аумағындағы көрікті мекендерді ел ішінде насихаттау. Ол үшін 7 бейнеролик әзірленген. Олар 14 наурыздан бастап көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ жиында отбасы құндылығы, ұлттық музыканы дәріптеу, этносаралық достықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігі айтылды.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Бұл жұмыс жалғасуы керек. Қазақтың жерін сақтап қалған, сол үшін күрескен Ж.Тәшеновтің те, А.Бараевтың да еңбегін өскелең ұрпаққа дұрыстап жеткізе білуіміз керек.
Мемлекеттік хатшы отандық бизнесте әлеуметтік жауапкершіліктің барын атап өтті. 2019 жылы меценаттардың қолдауымен 60 млрд теңгеге 1520 жаңа нысан салынып, бірсыпырасы күрделі жөндеуден өткізілген. Дегенмен кейбір өлкелерде бағдарламадан ауытқушылық бар.
Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:
- Өкінішке қарай, бұған дейін айтылғандай, кейбір өңірлерде бағдарламалар мазмұндық жағынан сәйкес келмейтін шараларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының есебіне енгізіп жіберу фактілері де кездеседі. Мұндай науқаншыл әрекеттер бағдарламаның және биліктің беделіне нұқсан келтіреді.
Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарды арттыру үшін мектеп бағдарламасына Абай Құнанбайұлы сынды тұлғалардың әуезді әндері мен күмбезді күйлері енгізілмек. «Мектеп оқушылары бұл тәлімді аудионұсқадан үйренеді», – дейді комиссия мүшелері.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Психологиялық, қоғамдық жаңа құндылықтар керек. Біз кешеден келе жатқан құндылықтардың керегін алып, оны бүгінгі заманға сәйкес етіп жаңғыртып, жастарды тәрбиелеу керекпіз.
Алда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бейнероликтер әзірлеу міндеті тұр. Бұл Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге таныту үшін қажет. Бұдан өзге ұлттық комиссия отырысында тіл, тәуелсіз ақпарат кеңістігі, тарих, салт-дәстүр мәселелері де көтерілді.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
- Қазір дүниежүзінде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатыр. Міне, осы тарихтың сыртында қалып қоймас үшін біздің ұлтымызға технологиялық өзгерістердің ішкі процестері болуы керек. Ол үшін біз жастарымызды жаңа сапалық деңгейге, дүниежүзіндегі әлеуметтік ландфшафттың өзгерістеріне сәйкес тәрбиелеуіміз керек.
Танымал жазушы Төлен Әбдік тарихқа терең сараптама жасауды ұсынып отыр. «Өйткені кейбір тұстарда бұрмалаушылық кездеседі. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз», – дейді жазушы.
Сенат депутаты Әли Бектаев әлі күнге дейін арыла алмай жүрген ысырапшылық мәселесіне тоқталды. Оның ойынша, үнемшілдік ел экономикасының өрлеруіне септігін тигізіп қана қоймай, келер ұрпақтың санасына ұқыптылықты сіңіреді.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Тойлар қандай деңгейде өтіп жатыр? Өлім-жітімге қатысты кейбір шаралар қандай деңгейде өтіп жатыр? Жарысу, ысырапшылдық, басқа да артық дүниелердің барлығы – жат нәрсе. Осының барлығы біздің салтымызда, дәстүрімізде жоқ.
Иә, бұдан былай ысырапқа жол берілмейді. Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалатын шығын көлемі де 40% азайтылып отыр. Айталық, 122 бөлімнен тұратын жаңа жоспар әзірленді. Яғни іс-шара 2 есеге қысқартылды.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Әли Әлиев