Хабар телеарнасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр

Бүгінге нәтижесі көңіл көншітерлік.

Елбасы: «Студенттерге заманауи білім беру қажет», – деді. Осы тапсырманы орындау үшін «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Ұлттық аударма бюросы құрылды. 47 оқулық аударылды. Әр оқулық 10 мың данамен басылып, еліміздегі 132 жоғары оқу орнына таратылды. Олардың арасында Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы», Ювал Хараридің «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы», «XXI ғасырға 21 сабақ» секілді туындылар бар.

Екінші бағыт – «Туған жер». Бағдарлама аясында 12 мыңнан аса іс-шара өткізілді. Осы мақсатқа 60 млрд теңгеге жуық қаражат тартылды. 14 млрд теңге мемлекеттік бюджеттен жұмсалса, қалған 48 млрд теңге демеушілер мен меценаттар қаражаты есебінен тартылған. 889 нысан жаңадан салынды. 631 нысан күрделі жөндеуден өтті. Қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарының үлесінде.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ұлттық музей жанынан республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы құрылды. Нәтижесінде Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізімі 206 нысанға, ал жергілікті маңызы бар киелі жерлердің саны 575-ке жетті. 23 тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар мен Сығанақ қалашықтары, Сырымбеттегі Ш.Уәлихановтар үйі бар.

Қазіргі заманғы қазақ әдебиетін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы да қалыс қалмады. Поэзия және проза жанрлары бойынша 30 қазақстандық автордың 290 шығармасы ағылшын, француз, испан және орыс тілдеріне аударылды. Қазақ әдебиеті жауһарларының жинақтары ағылшын тілінде 100052 данамен жарық көріп, әлемнің 94 еліне таратылды. Шетелдерде 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі: Нью-Дели қаласында биыл 1150 жылдық мерейтойы атап өтілетін Әбу Насыр әл-Фарабидің үйі ашылды.

«Рухани жаңғыру» аясында атқарылған ең танымал жоба – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Өткен жылы оған қатысу үшін 1678 өтінім қабылданыпты. 32 азамат жеңімпаз атанды. Осылайша бұл жоба өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды паш етіп, тарих бетіне шығарды.