Қамауда отырғандар еңбекпен қамтылып жатыр
Оның 1500-ге жуығы түзеу мекемесінде отыр. Бірақ жазасын өтеп жатқандарды біржола қоғамнан алшақтап, оқшаулау мақсат емес.
Қазір мемлекет оларды еңбекке тарту үшін түрлі іс-шараларды қолға алып жатыр. Мысалы, бүгін бір топ жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды. Енді олар жекеменшік компаниялар мен мемлекеттік мекемелерде еңбек етеді.
Елорда іргесіндегі түзеу мекемесінде қазіргі таңда 362 адам өз жазасын өтеп жатыр. Оның 325-і ер адам болса, қалған 26-сы – әйел. Айта кетейік, олардың басым көпшілігі, яғни 301 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде Бауыржан Дәуленов те бар.
49 жастағы азамат екі адамды абайсызда қағып, мерт қылған. Сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Қосымша 3 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттеледі. Қайғылы оқиға осыдан 2 жыл бұрын болған. «Бірақ сол сәттің көрінісі әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді», – дейді.
Қазір ол түзеу мекемесінің тазалығына жауапты. Қарын күрейді, мұзын ояды, қоқысын шығарады. Жалақысы – 40 мың теңге. Жақында ағаш ұсталығын үйренді. Қолында дипломы да бар. Өзі ІІІ топтағы мүгедек болса да, бос отырғанды ұнатпайды.
Бауыржан Дәуленов, жазасын өтеуші:
- Қазіргі жағдайда төлейтін 2,5 млн тг қарызым бар. Бала-шағам да көмек болсын деп жіберіп отырамын. Соған мойымай жұмыс істеп жатырмын.
Қазір мұнда жазасын өтеп жүрген азаматтар түрлі жұмысқа жұмылдырылған. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік компанияларда еден жуушы, дәнекерлеуші, аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Бүгін тағы бірсыпырасы жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Түзеу мекемесі мен кәсіпкерлер палатасы осындай келісімге келді.
Ернат Ақылжанов, Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы:
- 30 адамды жұмысқа қабылдау бойынша меморандумға қол қойылды. «Базис» компаниясы: «800 адамға дейін жұмысқа қабылдаймыз», – деді. Айлығын 130 мың теңгеден басталады. Қосымша өз ұсыныстары бар, біз соларды қабылдадық.
Жалпы мұндағы мекемеде 362 адам бар. Оның 123-і – «жол-көлік апаты бойынша кінәлі» деп танылғандар. Ал 73-і – жемқорлыққа жол бергендер. Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандардың ең жасы 19-да, ал үлкені 63-те.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров