Жыл соңында әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы форумы өтеді
Жалпы елде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындарға мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілмей келген еді.
Иә, қазір ресми дерекке сай елде 250-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарды қарамағына алып, жақсы жұмыс беріп, қоғамның толыққанды мүшесі болуға үлкен көмек көрсетіп жатыр.
Наталья Дубовиктің мұнда аспаз болып істеп жүргенін 1 күн болды. Құлағының мүкісі бар. Дегенмен тәтті тоқаш, торт сынды дәмді тіскебасарларды пісіруде бұл еш кедергі емес. Сондықтан да Натальяның пісірген өнімдері келушілердің көңілінен шығуда.
Наталья Дубовик, аспаз:
- Мұнда мені құрбым шақырды. Кеше келіп барлығымен сөйлестім. Өзіме ұнады. Тәтті-дәмділерді пісіруді анамнан үйренген едім. Қазір осында келушілердің көңілінен шығу үшін барымды салып жатырмын. Мұндай жұмыста қасыңда өзің секілді қолдайтын адам қажет. Әйтпесе ауыр.
Наталья Дубовик сынды жандарды жұмысқа алған – кәсіпкер Эмин Әскеров. Қазір қарамағында 62 адам жұмыс істейді. Оның 50-ге жуығы әлеуметтің осал тобына жатады.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:
- Бұл кафенің ашылғанына 3 күн болды. Мұнда 16 адам жұмыс істейді. Оның 8-інің құлағы мүкіс.Тіпті Ауған соғысының ардагері де бар. Біз оларға жақсы жұмыс табуға, қоғамның толыққанды мүшесі болуға көмектесеміз.
Қазір мүмкіндігі шектеулі жандар барлық салада тең мүмкіндіктерге ие деуге болады. Оларға Эмин Әскеров секілді қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлердің тағы бірі – Елена Мащинская. Оның қарамағында 15-ке жуық мүмкіндігі шектеулі жан еңбек етеді.
Елена Мащинская, әлеуметтік кәсіпкер:
- Мен әлеуметтік бағыттағы тамақтандыру қызметін ұйымдастырумен айналысамын. Қарамағымда жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі жандар аспаз, даяшы болып қызмет етеді. Түрлі халықаралық сайыстарға да қатысады. Мұндай жандар өздері секілді адамдармен араласқанда жұмыс істеуге құлшыныстары артады.
Жалпы әлеуметтік кәсіпкерлік елде баяу болса да дамып келеді. Бұл іспен айналысатын жандардың мақсаты: бір қатарға қосылар бизнес иелерінің санын арттырып, қоғамға өзіндік пайдасын тигізу.
Ресми дерек бойынша қазіргі таңда елде 250 әлеуметтік кәсіпкер бар. Бірақ осы әлеуметтің осал топтарына жағдай жасап жатқан жаны жайсаң жандарға мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілмей келеді екен. Енді бұл мәселенің күрмеуін тарқатуда Президенттің өзі бастама көтерді. Осылайша биыл күзде әлеуметтік кәсіпкерлердің І форумы өтеді деп жоспарланды.