Қатерлі тері ісігіне шалдыққандардың дәріге қолы жетпей отыр
Өздері сатып ала салғанға бағасы да арзан емес. 2 млн теңге тұрады. Ал дәріні тоқтатуға болмайды. Өйткені обырдың ағзаға жайылуы 2 есе жылдамдай түседі екен.
Жалпы бізде науқастарға берілетін тегін дәрі төңірегінде бітпейтін бір дау бар. Ақысыз берілуі тиіс препараттардың бәрі бірдей иесіне уақытылы жете бермейді. Тағдыры дәріге байлаулы болғандықтан, кей науқастардың тегін дәріні апталап, айлап күтуіне тура келеді. Солардың бір тобы біздің арнаға арызданды.
Лариса Жұматаева «Тафинлар» дәрісінің соңғы түйірін кеше ішіп бітірді. Бос құтыдан қайран жоқ екенін білсе де, қайта-қайта қолына алып қарай береді. Өйткені тағдыры осы препаратқа тәуелді.
Лариса Жұматаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Бұл препаратты ішуді бір күн де тоқтатуға болмайды. Тоқтатса, обырдың ағзаға таралуы жылдамдай түседі. Оның соңы неге апарып соғарын ойлаудың өзі қорынышты.
Ларисаның да, Владимирдің де диагнозы бір: тері рагы. Республика бойынша бұлардан өзге тағы 2 мыңнан аса науқас бар. Оларды дәрімен қамтуды мемлекет өз мойнына алған. Бірақ жыл басталмай жатып, тегін дәріден таршылық көріп жатыр.
Владимир Синяков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жан ұшыра барлық жауапты орындарға хабарласып жатырмыз. Бәрі: «Иә білеміз, жеткізіп береміз», – дейді. Бірақ дәрімнің таусылғанына 10 күннен асты. Онкологиялық диспансерде: «Препараттың бір айға жететін қоры болуы тиіс», – дейді. Бірақ ауырып бастағалы бері дәрі тапшылығын тартып келемін. Әр қорабым біткен сайын келесі айда дәрім келе ме, жоқ па?», – деп қорқып отырамын.
Тегін дәрілерді жеткізумен тікелей айналысатын «СҚ-Фармация» компаниясы онкологиялық диспансерлерді кінәлап отыр. «Жыл басында қажет препараттың нақты көлемін айтпайды», – дейді. «Үнемі қосымша тапсырыс беріп жатады, ал біз оны сертификаттау талаптарына сәйкес кемі 2-3 айда ғана жеткізіп бере аламыз», – дейді.
Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы міндетін атқарушы:
- Қазір 6,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілді. Әрине, ауа райына байланысты мәселелер туындап жатыр. Ауылдық жерлерге жол жоқ.
Боранның басылғанына біраз уақыт болды. Бірақ бұл дәрі ауыл-аймақты былай қойғанда, аудан облыс орталықтарына жетер түрі жоқ.
Әсия Мақанова, «Қатерлі дертке шалдыққандарды қолдау» қоғамдық қорының жетекшісі:
- Менің ойымша, онкологиялық диспансер мен «СҚ-Фармация» арасындағы жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Диспансер: «Дәрі жеткізілген жоқ», – деп, бастарын ала қашады. Ал «СҚ-Фармация»: «Тапсырысты уақытылы берген жоқ», – деп құтылады. Зардабын науқастар тартып жүр. Арамызда 1 айдай дәрі қабылдамаған жандар бар.
Қаңтардың басынан бері қажет дәрінің кешіктірілгенін еліміздің бас онкологы да растап отыр.
Диляра Қайдарова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог дәрігері:
- Күні кеше дәрінің болмағаны рас. Таңертең «СҚ-Фармация» аталған препараттың сертификаты келгенін мәлімдеді. Яғни бүгін түстен кейін бүкіл қоймаларға, онкологиялық диспансерлерге дәрі жеткізілді. Бұл туралы науқастардың өзіне де хабарлама жіберілді.
Демек, ертеңнен бастап науқастар тиісті дәрісіне қол жеткізуі тиіс. Ал жеткізбесе, «СҚ-Фармация» мен бас онкологқа сын.
Авторы: Шынар Асанқызы