ОҚО-да Сайрам өзенінің суы жағалаудағы үйлерге жетіп қалды
Қазіргі арақашықтық шамамен 3 метрдей. Тұрғындардың айтуынша, өзен суы соңғы жылдары күрт көтеріле бастапты. Алайда ол кезде ешкім мән бермесе керек. Енді жауапты мамандар ұзындығы 300 метрдей бөгет тұрғызып, қауіптің алдын алуға кіріспек.
Мархаба есімді ауыл тұрғыны әр күнді үреймен өткізіп жүр. Сайрамның тасыған суы баспана іргесіндегі сарайға жетіп қалған. Дәл осындай көріністі көрші үйлердің аулаларынан көруге болады.
Мархаба Моминова, Сайрам ауылының тұрғыны:
- 11 жастағы екі бала осы жерде қайтыс болған. Мен де балаларымды уайымдап, осы қауіпсіздіктің алдын алса екен деп уайымдаймын.
Өзен суының жағалауды шая бастағанына 5 жылдай уақыт өткен. Қазір лай су үйлерге бірнеше метр жерге жақын келді. Тұрғындар өзеннің арғы бетіне де өте алмайды. Өйткені Қаратау мен Еңбекші аудандарын жалғайтын көпір апаттық жағдайда тұр. Құтқарушылар алдымен осы көпірді жөндеген соң жағалауға бөгет салуға кіріспек.
Нұрболат Дербісов, қалалық ТЖБ бастығы:
- Қауіпті жағдайда болғандықтан, біз 2019 жылы бұл мәселені әкімшілік тарапына көтерген болатынбыз. Мәселе қазір шешімін тапты. Түркістан облысының Жолаушылар көлігі басқармасында 350 млн теңге қарастырылған. Жаға бекіту жұмыстарында қазір бізге қалалық әкімдік тарапынан жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Бұл жұмыстарды 1-2 айдың ішінде толық бітіріп, бірінші кезекте қауіпті 8 үйдің маңын істеуіміз керек.
Абзал Әліқұлов, Қаратау ауданының әкімі:
- Мына тұрған көпіріміз екі ауданды қосып тұрған. Ол қазір Түркістан облысының балансында. Олар көктемде көпірді толық күрделі жөндеуден өткізеді. 300-400 метр жерге жөндеу жұмыстарын бастайын деп жатырмыз. Бір апта ішінде бұған қаржы бөлінеді.
Жағдайды әзірге тұрақтандыруға мүмкіндік болғанымен, көктем мезгілінде ушығуы мүмкін. Құтқарушылар өз кезегінде тиісті шаралардың оған дейін шешілетінін айтып, халықты сабырға шақырып отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Нұрмахан Бекмұратов