Өскеменде ұрлық деректерінің саны азайып келеді
Ал көшедегі қылмыс деңгейі жарты есеге төмендеген. «Мұның барлығы шаһарда қауіпсіздікті сақтауға арналған заманауи жүйенің тиімді қолданылуынан», – дейді сала өкілдері. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің 500-ге жуығы бейнебақылау жүйесіне қосылған. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында 3900 «Сергек» бейнекамералары орнатылған. Осылайша әрбір аула мен көшелер, жол үстіндегі қозғалыс полиция қызметкерлерінің жіті бақылауында. Өйткені әп-сәтте ақпарат беретін бейнекамералар тәртіп сақшыларына қылмыскердің бүкіл әрекетін жедел әшкерелеуге мүмкіндік береді.
Даур Ибраев, Өскемен қалалық Полиция басқармасының бастығы:
- Біз тұрғындар үшін тек қоғамдық орындарды ғана емес, үй аулаларының да қауіпсіз болуын ерекше қадағалаймыз. Патрульдік полиция қызметкерлері жетіп үлгермейтін алыс жерлерді де назарда ұстаймыз. Осының барлығы бүгінгі күні қауіпсіздікті сақтау деңгейінің жоғарылап келе жатқандығын көрсетеді. Оған біздің көрсеткіштер де дәлел бола алады.