Өткен тәулікте жолдарда қар құрсауында қалған 35 адам құтқарылды
Елордадағы коммуналдық қызметтер көшелерді қардан тазартып үлгермей жатыр еді, бүгін тағы боран ұйтқып, әбден әбігерге салып отыр. Соның салдарынан бірқатар бағыттағы, республикалық маңызға ие тасжолдар жабылды. Ал діттеген жерлеріне жете алмай қалған темір тұлпар иелері жол бекеттерінде ұзын-сонар кезек құрып, ауа райының оңалуын күтіп тұр.
Нұр-Сұлтан-Павлодар бағытындағы республикалық тасжол шамамен 16:00 кезінде жабылды. Патрульдік полиция қызметкері қаладан шықпақ болған барлық көлікті кері қайтарып жатыр. Ал ауыр жүк көліктері қатарынан тізіліп, ауа райы қашан оңалып, жол қашан ашылатындығын күтіп тұр.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің 4 өңірінде жол қозғалысы шектелді. Атап айтқанда, Ақмола, Қостанай, СҚО және ШҚО облыстарындағы 28 бағыт бойынша жолдар жабық тұр. Оның 4-еуі – республикалық, ал 24-і – облыстық маңызға ие. Қазір жолдарды қалпына келтіру үшін 740 техника жұмыс істеп жатыр. Дегенмен осы жол тазалауға қатысты мамандардың айтар сыны жетерлік екен.
Дархан Сақанов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» кәсіпорны бас директорының орынбасары:
- Қыс мезгілінде жолды қалыпты жағдайда ұстамағаны үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына 29 млн теңге айыппұл салынды. Осы күнге дейін біз 1500-нан астам заңбұзушылықты анықтадық. Оның 500-і – 2020 жылғы деректер. Ал жалпы былтыр жаз айларынан бастап анықталған заңбұзушылықтарды есепке алар болсақ, онда салынған айыппұл көлемі 54 млн теңгені құрайды.
Ұлттық компания мамандарына қармен әлі де болса арпалысуға тура келеді. Себебі синоптиктердің берер болжамы көңілдей шықпайды.
Жанар Сергебаева, инженер-синоптик:
- Қара теңіздік циклон 7 ақпан күндіз БҚО-ға, ал таңертең СҚО-ға жылжып, өзімен бірге қардың жаууын, бұрқасын және екпінді желдерді алып келеді. Нұр-Сұлтан қаласында 8-9 ақпан күндері жауын-шашын жауады, бұрқасын мен көктайғақ күтіледі.
Жалпы мамандар ауа райы қолайсыз кезде жүргізушілерге жылдамдықты асырмай, қауіпсіз қашықтықты сақтау қажеттілігін ескертеді. Ал бұл ескертуді елемегендерді Төтенше жағдайлар қызметі қаңтардың 20-ынан бастап құтқарып келеді екен.
Любовь Абланова, ҚР ІІМ ТЖК Дағдарыс жағдайларында басқару орталығының өкілі:
- Республика аумағында ауа райының нашарлауына байланысты 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында облыс жолдарында қолайсыз жағдайларға байланысты 35 мыңнан астам адам құтқарылды. Оның ішінде 370-і – бала. 4 мыңнан астамы эвакуацияланды. Жолдардың тазаланған бөлігіне 35 мыңға жуық техника шығарылды. Тек өткен тәулікте ғана республика жолдарында 35 адам, 12 техника құтқарылды.
Егер шұғыл көмек қажет болған жағдайда 112 телефонына немесе 53-72-39, 53-32-84 телефондарына хабарласуға болады.
Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков