Зерделідегі қисайған үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды
Үйдің айналасын ағаш пен жиектастардан тазартқан мамандар қазір ұңғымаларды бұрғылап жатыр.
Зерделі ықшам ауданындағы қисайған №179 үй қазір биік темір қоршаумен қоршалған. Алдына полиция күзеті, одан кейін тағы бір қарауыл қойылған. Өйткені айналада тұрғындар көп тұратындықтан, қауіпсіздікті сақтау өте маңызды.
Қазір көпқабатты үйдің басында 25 адам жұмыс істеп жүр. Олар диаметрі 300 мм, тереңдігі 4 метрлік 234 бетон бағана құйады. Содан соң тереңдігі 18 метр, ал ені 500 мм ұңғымалар жасалады. Ұңғымаға арматурадан қаңқа салынып, үстінен цемент құйылады.
Алексей Лотков, учаске басшысы:
- Осы технологиялардың көмегімен қисайған үйді қалпына келтіреміз. Гидрооқшаулау жасалады, содан кейін тұрғындардың тұра беруіне болады. 18 метрлік бетон діңгектер үйдің іргетасын күшейтіп, беріктігін арттырады.
Бұл үй былтыр желтоқсан айында 31 см-ге қисайған. Арнайы зерттеу жүргізген ғылыми институттың өкілдері жобалау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін айтып еді. Зерделіде бұған дейін де бірнеше үй сыр беріп, қалпына келтірілген болатын. Кейбіреулері үйлеріне оралудан бас тартса, бірқатары осында тұрып жатыр.
Айдос Сұлтанғазиев, Зерделі шағын ауданының тұрғыны:
- Көрші үйлер қисайып жатыр. «Бірақ біздікінде қорқыныш жоқ», – деп қояды. Біздікі – ең бірінші қисайған үй.
Ыбырайым Байбосынов, Зерделі шағын ауданының тұрғыны:
- Жер сілкінісінен қорқамыз. Әйтпесе ештеңе емес.
Мамандар: «№179 үйді түзету үшін ең кемі 3 ай қажет», – дейді. Әзірге жалдамалы пәтерде тұрып жатқан тұрғындар үй қайта қалпына келтірілсе де, өз шаңырақтарына оралуға жүрексініп отыр.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев