Оралда тозығы жеткен 17 үй бұзылып, орнына жаңа 5 үй салынды
Өңірдегі тозығы жеткен тұрғын үйлердің мәселесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында оң шешімін табуда. 2015 жылдан бері шаһарда 17 апатты үй бұзылып, орнына жаңадан 5-еуі салыныпты. Әкімдік пен инвестор және тұрғындар арасындағы үшжақты келісім бойынша ескі үйдің орны құрылыс компаниясына тегін беріледі. Қажетті инженерлік инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстарын әкімдік өз мойнына алады. Ал құрылыс компаниясы тұрғындарды уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, жаңа үйді салған соң, ескі тұрғынжайдың иесіне тең көлемде тегін пәтер беруге міндетті.
Асхат Шадияров, Орал қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл жоба арқылы 2020 жылы №31 мектеп ауданында орналасқан үйлерді бұзу жұмыстарын атқару жоспарда бар. Ол жерге құрылыс жұмыстарын жүргізетін мекеме анықталды. 10-нан астам үйді бұзу жоспарлап отырмыз.
Маргарита Васильева, Орал қаласының тұрғыны:
- Кешкісін үйде болған кезде қабырғалар сықырлайды. Пойыз өткен кезде солқылдап тұрады. Тұсқағаз жапсырғанда, бұрыштары жан жаққа кетіп қалады. Төбені де жамап үлгермейміз, жыл сайын сызат түседі. «Өткен күзде бізді көшіреді, жаңа үй береді» деген. Соны күтіп жүрміз.