Атырауда зейнеткердің басына өз үйінің балконы құлады
Абырой болғанда, адам аман. Күн сайын сол балконның жанында балалар ойнайды екен. Ересектер де осы арадан көп өтеді.
Өткен ғасырдың 70-жылдары бой көтерген бұл баспананың әбден тозығы жеткен. Оны жөндеуге тұрғындардың қаражаты жоқ. Апат айтып келмейді.
Лидия Хван 1974 жылы осы пәтерге қоныс аударыпты. Зейнеткердің айтуынша, бұл үйдің салынғанына биыл 46 жыл. «Опырылған конструкция салдарынан біреу жарақат алса, не болмақ?», – деп ашынады кейуана.
Лидия Хван, тұрғын:
- Кімге арыз айтсақ та, барлығы нәтижесіз. Зейнеткермін, жасым 75-те. Бұл балконды өз күшіммен қалпына келтіруге материалдық жағдайым жоқ.
Апатты балкон әлі күнге дейін жөнделмеген. Пәтер иелері кооперативінің қызметкерлері бұзылған бетонның бөлшектерін жинап, қоқысқа тастаған. «Заң бойынша оны жөндеу – біздің міндетіміз емес», – дейді.
Қайрат Қабиев, Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы:
- Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес балкон тұрғынның жекеменшігіне кіреді. Сондықтан бірінші кезекте тұрғынның өзі өз қаражатына жасау керек. Мемлекет тарапынан біздің көмегіміз: балконды алып тастау.
Таяуда Пәтер иелері кооперативі үйді техникалық тексерістен өткізу қажеттігі жөнінде тұрғын үй инспекциясына өтініш берген. Алайда жөндеу жұмыстары кімнің есебінен жүргізілетіні белгісіз. Бір алаңдатарлығы: қауіпті аймақ әлі қоршалмаған.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов