Елімізде бас мүфти ауысты
Жаңа мүфти Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы болған.
Сондай-ақ биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл. Мерейтой аясында 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың, оның ішінде Әл-Фараби мен Абай есімдерін беру жоспарланып отыр.
Қасиетті жұмада ел имамдары елорда төрінде бас қосты. ҚМДБ кезектен тыс ІХ құрылтайына қатысып, жаңа төрағамен танысты. Енді ел аумағындағы мұсылмандардың рухани ұстазы – Наурызбай қажы Тағанұлы. Оның кандидатурасын ұсынған бұрынғы мүфти алғысын айтып, жиналған қауымға береке тіледі.
Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти (2017-2020 жж.):
- «Мен араларыңнан кеткеннен кейін өзара тартыспаңдар» деген қасиетті хадис шәріпі барша адамзаттың амал етер ұлағатты ұстанымы болуы тиіс. Алла Тағала еліміздің игілігі мен бірлігі жолында баршаңызға еңбек ете беруге жазсын деп айтқым келеді.
Бүгінгі жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі қатысты. Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың соңғы 3 жылда атқарған қызметін жоғары бағалай отырып, жаңа төрағаға сәттілік тіледі. Ал Наурызбай қажы артылған міндетті абыроймен атқаруға бар күшін салатынын айтты.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
- Мен үшін үлкен жауапкершілік. Өмірде көрген тәжірибемді, оқыған білмімді, ағалардан алған ақылымды барынша елге қызмет жасауға жұмсайтын боламын.
Бас мүфти жыл басында бекітілген 4 бағытты жалғастырмақ ниетте. Яғни мешіттегі уағыз-насихат, сапалы білім, ізгі іс-шаралар, қайырымдылық және жат ағыммен күрес жөніндегі жұмыстар жанданбақ. Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы осыған дейін ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары және Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы қызметін атқарған.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Марат Таубаев