«Хабар» арнасында «Жұлдызды жекпе-жек» ән байқауы жалғасады
Төртінші маусымда тек жекелеген әншілер ғана емес, біріккен топтар да қатысуда. «Жұлдызды жекпе-жек» көрермен асыға күтетін телебағдарламаға айналды. Ал оны ұйымдастырушылардың жұмысы қауырт. Әншілерді бет-әлпетін әрлеп, түрлерін сәндеп, эфирге әдемі етіп шығару – үлкен жұмыс. Мұнда өнерпаздардың келбетінен бөлек дыбыстың тұнықтығына, музыка сапасына жалпы сахналық көріністердің көрікті шығуына ерекше мән беріледі. Бұл байқаудың ерекшелігі: дәстүрлі әншілер мен топтар да өзара сынға түседі.
Тоқтар Серіков, әнші:
- Бұл – деген үлкен бетбұрыс. Біз эстрада жанрын әбден жарнамалап болған елміз ғой. Сол жарнамалап жүрген кезде дәстүрлі өлең айтатын әншілеріміздің қалтарыста қалып қойған жағы болды. Себебі өзіміз – сол дәстүрлі мектептен шыққан әншілерміз. Сол азаматтармен ақылдаса келе дәстүрлі әншілерді де қосуды жөн көрдік. Бұл жақсы дүние деп ойлаймын.
«Жұлдызды жекпе-жектің» 4-маусымында төрелік жасайтын қазылар алқасының негізгі құрамында өзгеріс жоқ: Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов және басқа да өнер майталмандары. Әр санында қазылар алқасына жаңа адам қосылып тұрады. Бұл да байқаудың әділ әрі ашық өтуі үшін қажет.
Ардақ Балажанова, әнші:
- Бұл байқау әділ өтеді. Өйткені адам сахнада өнерін қалай көрсетса, қазылар да сахнада көрсеткен өнерімен бағалайды.
Ән байқауына барлығы 8 топ, 16 әнші қатысады. Жобада қазақ және орыс тілдеріндегі әндер айтылып, жаңа туындылар орындалады. «Жұлдызды жекпе-жектің» 4-маусымындағы алғашқы сайыс «Хабар» арнасында 9 ақпан күні көрсетіледі.
Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов