Қордай ауданында жағдай тұрақталып келеді
Жергілікті мұғалімдер күнделікті жұмысқа шығып, оқушылар оқуды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар зардап шеккендерге әлеуметтік-гуманитарлық көмек беру, тұрғындармен кездесу, түсіндіру шаралары жүргізілуде. Қазір арнайы үкіметтік комиссия ауданда жұмыс істеп жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Масаншы ауылының жұрты комиссиямен бірге заттары мен мал-мүлікерін түгендеп, шығындарын есептеп жатыр. Жағдай тұрақты. Үкіметтік комиссияны бастап келген Бердібек Сапарбаев жаппай төбелес болған ауылдардың тұрғындарын жинап, кездесу өткізді.
Жиын барысында тараптардың пікірін тыңдап, бірінші кезекте жастарды арандатушылыққа жол бермеуге шақырды. Ал заңды белден басып, қылмыс жасағандар міндетті түрде жазаланады. Бұл бағытта құзырлы органдардың мамандары әрбір деректі жіті тексеріп жатыр. Айта кету керек, оқиға кезінде 36 тұрғын үй, 11 коммерциялық нысан, 44 автокөлік өртеніп, 40-қа жуық үйдің терезелері қираған. Кешелі бері ауылдардың ішін тазарту жұмыстарына 30 техника, 125 адам жұмылдырылды. Тұрғындармен кездесу, көмек көрсету шараларына басымдық беріліп отыр. Бұл жұмыстарға Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық қоғамдық кеңес, ардагерлер, қоғам белсенділері де атсалысып жатыр. Оқиға болған ауылдарда 2 мыңнан астам тұрғынмен кездесу өткізіліп, ұсыныстары тыңдалды. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айту, көмек көрсету шаралары да жүріп жатыр. Өткен түні алғашқы гуманитарлық жәрдем жетті. 5 тонна ұн, 2 тонна қант, 2 тонна күріш, балаларға жаялық, жылы киімдер, 10 мың дана дәрі-дәрмек Жамбыл ауданынан жіберілген. Бұл заттарды Жалпақтөбе ауылының тұрғындары жәрдем, демеу болсын деп ерікті түрде жинапты. Жеткізілген заттар штабқа түсірілді. Енді шетінен қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж жандарға тарату шаралары ұйымдастырылады. Тұрғындар тарапынан қосымша тағы 10 тоннадай азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір мұнда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір аталған оқиғаға қатысты ҚРҚК 6 бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Айта кету керек, қазір ауруханада 27 адам жатыр. Бес адам санавиациямен Алматыға жіберілді. Екеуінің жағдайы ауыр. Оларды емдеуге еліміздің үздік мамандары шақыртылған. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы баспасөз брифингін өткізуде.