Ақтауда сиырдың консервіленген етінен шошқаның ДНК-сы шықты
Зертханалық тексерулер шошқа етінің шұжықтарға да қосылғанын көрсеткен. Сынамалар 22 сауда нүктесінде сатылымда болған 200-ге тарта азық-түліктен алыныпты. Нәтижесінде 17 тағам түрінің сапасы талапқа сай болмай шыққан. Айта кетейік, мұндай сараптамалар сүт және сүт өнімдеріне де жүргізілді. Жергілікті компания шығаратын сүзбенің де құрамынан ішек таяқшалары табылды.
Асима Жұмабайқызы, Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы
- Ішек таяқшасы тобының бактериялары сүт өнімдері мен оларды әзірлейтін қондырғылардан да анықталды. Құрамы нормативтік техникалық талаптарға сай емес тағам түрін шығарған серіктестікке әкімшілік шара қолданылды. Олар енді 304 мыңнан астам теңге айыппұл төлеуге тиісті. Қала аумағында жүріп жатқан тексерулер 25 ақпанда аяқталады. Содан соң консерві және шұжық өнімдеріне шошқа еті қосылғанын көрсетпей, тұтынушыларды алдаған компаниялар заң аясында жазаланады.