Өскемендегі волонтерлер клубына 10 мыңнан астам адам тіркелді
Мәселен, автоеріктілер қалада мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдайды.
Өскеменде автоеріктілер тобының құрылғанына жарты жыл болды. Бүгінде 200-ден астам автөкөлік иесі жүріп-тұруы қиын жандар мен зейнеткерлерді тасымалдайды. Ол үшін ұялы байланыста өзара топ құрып, диспетчерлік қызметті ұйымдастырған.
Жалпы облыс орталығында қазір 11 мыңға жуық кембағал жан инватаксидің қызметін пайдаланады. Бірақ қалада арнайы жабдықталған бес қана көлік бар. Сондықтан оған мұқтаж жандар кезекті сағаттап күтуге мәжбүр.
Анастасия Домбровская, қала тұрғыны:
- Біз автоеріктілердің жұмысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қалада осындай қайырымды жандардың болғанына қуанамыз. Әрине инватакси бар. Бірақ оған алдын ала жазылып, кезекке тұру керек.
Қаладағы бір клубқа топтасқан автокөлік иелері кембағал жандарды тасымалдаумен қатар, үнемі психологиялық кеңес те береді.
Индира Кәкімова, автоволонтер:
- Әрбір адам бөлек бір тарих, бөлек әлем. Жұмыс барысында танысып, әңгімелесе келе, дос болып кетесің. Бір-бірімізге көмектесу арқылы жаңа бір әлем ашқандай боласың.
Қаладағы еріктілер көпбалалы және тұрмысы нашар отбасылар мен жалғызбасты аналарға метериалдық және қаржылай көмек те көрсетеді. Бұл қайырымдылық шараларды негізінен әлеуметтік желі арқылы іске асырады.
Манар Қизатова, волонтер:
- Көптеген отбасыға көмек көрсетеміз. Халықтың арқасында ақшалай да көмектесеміз. Осындай отбасыларға әрдайым көмек көрсетуге тырысып келеміз. Біздің мақсат – ешкімді ескерусіз қалдырмау.
Еліміз бойынша 50 мыңнан астам адам еріктілер қатарында. Олардың ортақ мақсаты – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин