Кезекті қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды
Барлығы жастарды жұмысқа шақырады. Бірақ қаржы пирамидасы болып шығып, адамдар опық жеп жатады. Иә, осындай оқиға болды. Жүздеген ақтөбелік кезекті қаржы пирамидасының құрбаны болған. Бұл туралы облыстық полиция өкілдері мәлімдеді. Тапқан-таянғанын «Gold» компаниясына берген азаматтар тез арада қаржыға кенелеміз деп сенген. Тәртіп сақшылары аталған мекеменің әрекетінен қылмыстың ізін анықтап, қызметін тоқтатты. Қапыда қаражатынан айырылған салымшылар компания кеңсесінің алдына жиналды. «Gold» компаниясы кеңсесінің есігі тарс жабулы, шарбағы қоршалған. Салымшылар өз қолымен әкеліп берген қаржыны қайтара алмай әлек.
Жұмагүл Меңдіғалиева, Ақтөбе қаласы тұрғыны:
- Ең аз салған адам осы жерде 300 мың теңгені құрайды. Одан басқа миллион, 5 млн бар. Ақтөбенің 80% халқы кіріп кетті. Менің өзім отбасымнан 900 мың салып отырмын.
Полицейлердің айтуынша, бұл қарапайым қаржы пирамидасы болған. Яғни 300 мың теңге салсаң, бір ай өте қаражатың екі есе қайтарылады. Жаныңа серік қосып әкелсең, үстемелеп берер проценті тағы бар. Бірақ мұндай әдіспен табысқа кенелуге еліміздің қылмыстық кодексі рұқсат бермейді. «Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бабы бойынша жауапкершілік бар. Алайда «Gold» салымшылары тәртіп сақшыларының өздерін айыптап отыр.
Қаржы мекемесінің қаншалықты заңды қызмет еткенін сот органдары анықтайтын болады. Алайда алданғандар тергеуді тоқтатып, компания жұмысын қайта жандандыруды талап етуде. Полиция қызметкерлері бұл іс бойынша күдікті ретінде Ресей Федерациясының 2 азаматын қамауға алған.
Евгений Годлевский, ПД басқарма бастығының міндетін атқарушы:
- Қазір бірқатар сараптама тағайындалып, тергеу жүргізілуде. Нәтижесі белгілі болғаннан кейін істі сотқа жолдайтын боламыз. Тұрғындарға айтарым тек ресми ақпаратқа арқа сүйеу керек. Барлық сұраққа Полиция департаменті заң аясында жауап береді.
Қазір бұл мекеменің әрекетінен зардап шекен азаматтардың нақты саны белгісіз. Қолды болған қаражат көлемін де дөп басып айту қиын. Белгілісі «Gold» компаниясының кеңсесінде тінту жүргізіліп, құжаттары мен компьютерлері тәркілеген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков