Коронавирус мыңнан астам адамның өмірін қиды
Соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқандардың қатары 1016-ға жетті. Ал науқастардың дені 42 500-ден асып түсті. Олардың көбі – Қытай азаматтары. Бір күннің ішінде Хубэй провинциясында 103 адам жан тапсырып, 2 мыңнан астам тұрғынға коронавирус диагнозы қойылды. Қазір мыңнан астам адам ауыр халде жатыр. Дәрігерлер екі мың науқас дертінен сауығып, ауруханадан шыққанын хабарлайды. Қытай көшбасшысы Бейжің ауруханаларын аралап, дәрігерлермен кездесті.
Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:
- Жағдайдың ушығып тұрғанын түсінемін. Алайда эпидемияны тоқтату біздің қолымыздан келеді. Оған сенімдімін. Барлық медицина қызметкеріне Қытай коммунистік партиясы атынан еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.
Айта кетейік, қауіпті вирус әлемнің 27 елінде тіркелген. Таяуда Ұлыбританияда жергілікті мектептердің бірінде бір қызметкер коронавирус жұқтырғаннан кейін мекеме жұмысын уақытша тоқтатты. Науқастың жуырда Қытайға барып келгені анықталды. Сонымен қатар Брайтондағы медициналық орталықтың да қызметкеріне коронавирус диагнозы қойылды.