Бір айдың ішінде Қостанай қаласында 89 адамды ит қапқан
Сондықтан облыс орталығында иесіз ит-мысықтарды ұстау айлығы жарияланды.
Кезекті шақырылым. Ұйықтатын дәрі қосылған оғымен пневаматикалық мылтық, құрық , басқа да керек жарақтарын алып, арнайы бригада жолға шықты. Оқу орнының маңында бірнеше ит өткен-кеткеге үріп, жұрттың үрейін ұшыратын көрінеді. Қараусыз иттерді құрықпен ұстау оңай емес. Сондықтан пневматикалық мылтықты қолдануға мәжбүр.
Қазір Қостанайда иесіз жануарларды ұстайтын 3 бригада құрылған. Олар күніне 9-10 шақырылымға шығады. Тіпті түнде де жұмыс істейді.
Айдар Бейсенов, Қостанай ветеринарлық станциясының директоры:
- Түнде полициядан тапсырыстар түседі. Мысалы ауладан шығып кеткен алабай сияқты үлкен иттер көшеде адамдарға қауіп төндіреді. «Иттен қорқып, үйге кіре алмай жүрміз», – деген тұрғындардан өтініш түсіп жатады. Сол кезде шұғыл түрде жұмысқа шығамыз.
Өткен жылы мыңға жуық адамды ит қапқан. Бұралқы иттердің шабуылына ұшырағандардың бірі – Қамбар Ержанов. Дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін жігіт ағасына көшеде өтіп бара жатқан төрт ит тосыннан тап берген.
Қамбар Ержанов, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Оң аяқтан тістеді. Содан шалбар жыртылды. Жігіттер: «Ауруханаға бар», – деген соң барып, шамамен 8 укол алдым.
Былтыр 3 214 бас ұсталып, жансыздандырылғанымен, қараусыз ит-мысықтың қарасы азаяр емес. Биылғы бір айдың ішінде ғана тұрғындардан 173 тапсырыс келіп түскен. Оның бәрі қағаз жүзінде хаттаулы.
Қайрат Қайулдин, Қостанай қалалық ветеринария бөлімінің басшысы:
- Биылғы алғанымыз 533 бас, соның ішінде 495 ит, 38-і мысық болды. Сосын біздің мамандар қаланың шетінде алып барып, утилизация істеді.
Иесіз жануарларды ату керек пе әлде асырау керек пе? Осы мәселе төңірегінде қоғам пікірі екіге жарылды. «Қараусыз қалған ит-мысықты күтіп-бағатын арнайы орын ашу керек», – деген жанашырлар тобы қол жинап, қала әкіміне петиция дайындап жатыр. Ал оның қалай шешілері әзірге беймәлім.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг