Биыл Шардара қаласының халқы көгілдір отынның игілігін көреді
Қазір қаланың іші мен іргелес жатқан елді мекендерге газ құбыры тартылып жатыр. Нәтижесінде биыл Шардара қаласынан бөлек тағы да 11 елді мекен табиғи газға қосылмақ.
Бұл – аудан орталығына жақын орналасқан Жаушықұм елді мекені. Мұнда 300-ден астам отбасы тұрады. Ауылға жақында ауызсу тартылды. Көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Алайда көгілдір отынға әлі күнге қол жеткізе алмай келеді.
Шолпан Елубаева, Жаушықұм ауылының тұрғыны:
- Газ жоқ, қаладан құйдырып алып келеміз. «2020 жылы газ келеді», – деп жатыр. Басқасының бәрі жақсы. Асфальтіміз бар. 3 айдай болды су берді.
Шардара ауданында бір қала, 10 ауылдық округ бар. Бүгінгі күні аудан халқының 17%, яғни 3 елді мекен ғана табиғи газ тартылған. Наурыз айында тағы да 6 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Осыдан 3 жыл бұрын ауданда №18 газ тарату станциясының құрылысы басталған болатын. «Өткен жылдың қараша айында оның құрылысы толық аяқталып, құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр» – дейді мамандар. Жоба құны 2,9 млрд теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Алдағы 1-2 айда 80 мың тұрғыны бар Шардара қаласы мен іргелес жатқан ауылдар да өркениеттің игілігін көре бастайды.
Нұрмахамбет Сапаров, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:
- 6 мөлтек ауданның жобасы қазір дайын. Облыстық энергетика басқармасына ұсынып отырмыз. Ал қуаттылығы сағатына 50 текше метрді құрайтын «ГРЭЦ 18» нысаны Шардара қаласы емес, жақын маңдағы 11 елді мекенді газдандыруға толық қуаты жетеді.
Станциядан шаһардың іргесіне дейін 39 шақырымдық магистральді құбыр тартылған. Қазір көршілес жатқан елді мекендерге желі тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы 2023 жылға дейін аудандағы 21 ауылдың барлығын толық газбен қамту жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш