Алимент төлемеген 39 адам қамауға алынды
Олар – бауыр еті баласынан безінген безбүйрек әкелер. Қазір өңірде туған перзентіне көмектесуден қашып жүрген 600 борышкер бар. Олардың жалпы қарызы 460 млн теңгеге жуықтаған. Сот орындаушылар борышкерлерге алиментті төлету үшін тағы қандай шараларлы қолға алды?
Таятьяна Колачева – үш баланың анасы. Жарымен дәм-тұзы жараспаған соң ажырасып кеткен. Содан бері балаларын бір өзі тәрбиелеп келеді. Жолдасы болса 12 жылдан астам уақыт бойы бауыр еті баласына алимент төлемеген.
Татьяна Колачева, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Әрине кезінде жалғыз өзіме қиын болды. Іске сот орындаушыларының араласуының арқасында бұрынғы жолдасыма елден шығуға шектеу қойылды. Жүргізуші куәлігінің де күші жойылды. Міне осындай шаралардан кейін ғана қазір ол қарызын қайтарып жатыр.
Бүгінде перзентінен теріс айналған әкелердің саны артқан. Мәселен өңірдегі жеке сот орындаушыларының қарауындағы істердің жалпы саны алты мыңға жуықтады. «Ал оларды тәртіпке шақыру қиынның қиыны», – дейді мамандар.
Асан Мәткәрімов, Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:
- Төлемей жүрген себептері әртүрлі болады. Көбісі өздерінің арасында түсініспеушіліктен әдейі төлемейді. Тағы біреулері жұмыссыз жүргендер. Оларға біз өз тарапымыздан міндетті түрде жәрмеңке өткіземіз. Көбісі келмейді. Қашқақтайды.
Алимент қарыз емес, парыз. Сондықтан оны төлеуден қашқандарды жүгендеу жол үстінде де жүргізіледі. Бүгінде полицейлердің көмегімен осындай екі адамның автокөлігі анықталып, ол айыппұл тұрағына қойылды. Мұнымен қоса, іздеуде жүргендері тағы бар.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бүгінгі күні облысымызда түрлі сылтау айтып, сытылып жүрген 600-ден астам борышкер әке бар. Оның бүгінгі күні 75-іне іздеу жарияланды. Әзірге тек 17-сі анықталған екен.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев