«Хабар 24» арнасы «Әкім» бағдарламасын ұсынады
Мемлекет басшысы осылай деп әкімдерге тұрғындармен етене жұмыс істеуді тапсырды.
Бұл бағдарлама шынайы оқиғаларға негізделген. Арна журналисі алдымен ауыл азаматтарымен кездесіп, көпшіліктің көкейін кернеген түйткілді мәселенің мән-жайына үңіледі. Жауап алу үшін аймақ басшысының есігін қағады.
Табандылық пен қайсарлықтың арқасында тілшіміз талай әкіммен жолықты. Жөн сұрасып, жұрттың жағдайын білуге ұмтылды. Бірақ кей атпалдай атқамінерлердің сақтық шараларына қатты мән беретінін байқадық. Тіпті кабинетінің табалдырығынан аттап кіру мүмкін емес.
Ақбөпе Тәңірберген, тілші:
- Мен камерамен барып тұрған журналист ретінде ол жерге кіре алмаймын. Онда проблема туындайды. Күзетші, әкімнің кеңесшісі, баспасөз хатшысы... «Шулап жүріп әкімнің кабинетіне кірдім-ау», – дегенде, тағы да чиппен ашылып-жабылатын кабинеттер шыға келді. Сонда жергілікті әкімдік халықтан қорқа ма?
Бағдарлама өткен жылдың желтоқсан айынан бастап көрерменге жол тартты. Түсірілім тобымыз содан бері 8 елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып үлгерді. Жобаны әр сейсенбі сайын «Хабар 24» арнасынан көре аласыздар.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков