Қарды дер кезінде тазаламаған мекемелерге айыппұл салынды
Ақтөбе облысында қызмет көрсетуді мойнына жүктеген мекемелер енді 1 млн 400 мың теңге төлейді. Мердігер компаниялар тазарту жұмыстарын уақытылы жүргізбегендіктен, қаңтар айында кейбір ауданмен байланыс бірнеше тәулікке дейін үзілген болатын.
112 абонентінен күнделікті түсетін ескерту хаттарына қарамастан, жолаушылап кететін азаматтар саны толастамайды. Халықаралық бағытта жолға шыққан қоғамдық көліктер тағы бар. Соңғы бір ай ішінде ТЖД мен полицейлер күнделікті құтқару операцияларын жүргізіп келеді.
Еркін Өтеген, Ақтөбе облыстық ПД бөлім бастығы:
- Қыс қатты болып тұр. Қар да мөлшерінен көп. Сол себепті уақытында тазаланбаған қар жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғуда. Басқа да жолдарды кедергісіз өтуге кері әсерін тигізуде.
Алысқа жолаушылап шыққандарды айтпағанда, облыс орталығында байланысты қамтамасыз ететін қоғамдық көліктер де біраз қиындықтарға душар болды. Автобус қозғалысының кестесі бұзылып, қала маңындағы ауылдарға қатынай алмай қалған. Қазір жол омбы қардан аршылғанымен, бетіндегі мұздақтар әлі күнге дейін қауіп тудыруда.
Ақарыс Тілеулесов, жолаушылар тасымалдаушы компанияның директоры:
- Автобустың жүру уақытына кедергі келтіреді. Біріншіден жолдың нашарлығынан болады. Күн сайын автобус сынады. Енді қолдан келгенше уақытылы істеудеміз.
Тазалық жұмыстарына дер кезінде кіріспеген мекемелерге тәртіп сақшылары ескерту жасап, артынша айыппұл да салған. Қазір 42 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Мердігерлер 1 млн 400 мың теңге көлемінде төлеуі тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков