Елордада волонтерлердің фронт-кеңсесі ашылды
Тіпті олардың ерікті түрде еңбекке жұмсаған уақыттары еңбек өтілі болып есептелуі мүмкін. Бұл бастаманы бүгін Мемлекет басшысының өзі көтерді. Өйткені біздегі халықтың бар-жоғы 6% ғана волонтерлікпен белсенді айналысады екен.
Осы ретте арнайы сауалнама да қазақстандықтардың 48% ғана волонтер болуға дайын екенін көрсетіп отыр. Волонтерлікті қалай дамытуға болады?
Бұл фронт-кеңсенің кіреберісіндегі «Біргеміз» деген жазу адамға кәдімгідей күш, сенім береді. Бұл сөз – Волонтер жылының ұраны. Мұнда жастардың барынша еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Дизайны да, безендірілуі де жаңаша. Өйткені біз жастардан қашанда жаңашылдықты күтеміз.
Фронт-кеңсе бүгін өзінің алғашқы қонақтарын қарсы алды. Мәртебелі меймандардың арасында Мемлекет басшысы да бар. 2020 жылды Волонтер жылы болсын деп бастама көтерген Президенттің өзі еді. Сондықтан волонтерлердің билікке құрметі ерекше. Бүгін олар Мемлекет басшысына жаңа лауазым ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзге келместен қабыл алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен бүгін Қазақстандағы Волонтерлер қозғалысының құрметті елшісі атануға келістім. Менде «Төтенше және Өкілетті елші» атты дипломатиялық ранг бар. Бірақ Волонтерлік қызметтің құрметті елшісі атану да ерекше маңызға ие деп білемін. Сол себепті біз бірге жұмыс атқарамыз.
Атқаратын жұмыстың негізгі бағыттарын 2 ай бұрын ел басшысы өзі түзіп берген. «Сабақтастық» жобасы арқылы балалар үйлеріндегі сәбилерге қамқорлық көрсетілмек. «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлік дамиды. «Таза әлем» қоршаған ортаны қорғауды мақсат тұтады. Ал «Асыл мұра» бағыты халқымыздың мәдени-тарихи мұрасын сақтауға үлес қоспақ. «Қамқор» жобасы қарттар үйлеріне көмек көрсетуге арналса, «Білім» ауыл балаларының ағылшын тілі мен компьютерлік сауатын арттыруды көздейді. Ал «Үміт» жобасы Жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыздың ерліктерін насихаттайтын құжаттарды іздеуге арналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлуді тапсырдым.
Волонтерлік – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету. Бұл қасиет қазаққа жат емес, қанымызда бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмек көрсетті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Біздің халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бейжай қарамаған. Бұған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады.
Ендігі міндет – қанға сіңген сол қасиеттен ажырап қалмау. Ол үшін волонтерлікті кеңінен дәріптеуіміз керек. Президент барлық атқарушы орган басшысына тапсырма берді. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер ұлттық компаниялардың, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері жұмыс аптасының бірнеше сағатын волонтерлікке бөліп, өзгеге өнеге көрсететін болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде дүние жүзінде волонтерлік қызметтің ауқымы өсіп, әлемдік қозғалысқа айналды. Қазірдің өзінде жер бетінде 1 млрд-қа жуық волонтер бар. Бізде 16 мың, аз. 100 мыңға дейінгі деңгейге көтеруге болады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Әлемнің жалпы ішкі өнімінің 2,5% – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде ерікті болу қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды.
Ақы дәметпей, қайтарымын күтпей қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Демек ерікті болу – ардың, жүректің ісі. Ал еңбектің еленгені жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептеледі.Сондай-ақ волонтер студенттерге қосымша шәкіртақы беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Осы салада жұмыс істейтін Үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады.
Әлеуметтік кәсіпкер Нұрболаттың еңбегі қандай наградаға болса да, лайық. Арбаға таңылған азамат өзі жүретін арба құрастырып шығарған. 5 ай бойы кемтар жандарға тегін таратыпты. Елімізде өздігінен жүре алмайтын 24 мың адам бар екен. Нұрболаттың 100 арбасы теңізге құйған тамшыдай болса да, талайдың кәдесіне жарап жүр.
Нұрболат Қарабасов, волонтер:
- Үйде отырып қалған, қоғаммен араласуға қорқынышы бар адамдар өте көп. Соларды қоғаммен тығыз араластырсақ, олар да үйде жатпай, оқуын оқып, спортпен айналысса, тіпті керемет болушы еді. Өзім сондай жағдайда болған соң, олардың ауырын жеңілдеткім келеді.
Халықаралық зерттеуге сәйкес Қазақстанда әлі күнге дейін волонтерлік қызмет көрсету кенже қалып барады. Волонтерлік мәдениет те, оларды жұмысқа ынталандыру да кереметтей дамымаған. Олар: «Волонтер жылында осы олқылықтың орнын толтырамыз», – дейді.
Вера Ким, Ұлттық волонтерлер желісінің жетекшісі:
- Фронт кеңсе волонтерлерді бір шаңырақ астына біріктіреді. Олардың жобасын, түрлі бастамаларын дамытуға көмектеседі. Ақпараттық, ағартушылық бағытта жұмыс істейді. Біздің орталық көмектескісі келетін және көмекке мұқтаж жандардың арасын жалғайтын болады.
Жылдың шымылдығын «Біргеміз» деген ұранмен ашқан волонтерлер: «Кез келген істі еңсеруге дайынбыз», – дейді. Ал Президенттің мықтап тапсырғаны: Отанға деген махаббат жалаң ұран мен қағаз құжаттың төңірегінде қалмауы тиіс. Жүрекпен жасалған қайырымдылық қана жүрекке жетеді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Ерсін Мұхаметалин