Мәжіліс Ұжымдық қауіпсіздік 4 хаттаманы ратификациялау жобаларын мақұлдады
Енді Армения премьер-министрі ұйым кеңесі құрамына кіреді. Ұйымның жарғысы мен құқықтық мәртебесін өзгерту құжаттары да мақұлданды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қарауға алынды.
Сонымен қатар 13 депутаттық сауал жолданды. Депутат Мұрат Теміржанов «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын өзгертуді сұрады. Айтуынша, аудандық маңызы бар қалаларда кадр мәселесі шешілмей отыр. Мұғалімдер мен дәрігерлердің онда барғысы келмейді. Себебі бағдарламада жеңілдіктер тек ауылдарға қарастырылған. Сондықтан мұндағы мамандарға жәрдемақы, баспанаға бюджеттік несие берілмейді. Жалақысы да төмен.
Мұрат Теміржанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мәртебесі қаланікі болғанымен, тұрмыс жағдайы, халқының саны да ауылдағыдай болса, ол жерде жұмыс істегісі келетін мамандар бағдарлама игілігін неге пайдалана алмайды? Бұл – әділетсіздік. Сондықтан жобаның кей талаптарын өзгертетін уақыт келді. Әйтпесе аудандық маңызы бар қалаларға мамандарды тарту мүмкін емес.