Нұра өзенін ластағандар жауапқа тартылады
Оны жергілікті тұрғынның бірі байқап, әлеуметтік желіге жүктепті.
Осыдан соң экологтар оқиға орнына шұғыл жетіп, өзеннен сынама алады. Енді мамандар алдағы 5 күнде Нұраның қаншалықты деңгейде ластанғанын анықтамақ. Қазір өзенге кетіп жатқан өндіріс қалдығы тоқтатылды. Мамандардың айтуынша, электр станциясынан шығатын күлді жел көтермес үшін сумен араластырып, полигонға жібереді. Болжам бойынша қатты аяздан сол сұйықтық ағатын бетон қабырғасы шытынап, лас су өзенге кеткен.
Максим Абрамов, компания директорының орынбасары:
- Нұра өзеніне ағып жатқан күл аралас қойыртпақты тоқтаттық. Ескі құдықтың қабырғасы шытынап кеткендіктен, осындай келеңсіз жағдай орын алып отыр. Ол үшін кешірім сұраймыз және екінші рет қайталанбайтынына кепілдік береміз.
Әлібек Бекмұхаметов, Қарағанды облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Біз апат болған жерден де, Нұраның өзенінен де судың сараптамасын алдық. Болған жайдың нақты салдарын сараптама қорытындысы анықтайды. Судың нәтижесі мен сараптамасы дайын болған соң «Базис групп» мекемесіне шара қолданамыз.