Жамбыл облысында әлеуметтік нысандар мен сауда орындары қайта ашылды
Бірақ әлі де техногендік төтенше жағдай сақталуда. Құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік нысандар мен сауда орындары қайты ашылды. Жұрт үйлеріне оралып, күнделікті тіршілігіне кіріскен.
Масаншы, Ауқатты, Сортөбе ауылдарындағы білім беру мекемелері жұмыс істеп тұр. Бұл елді мекендердегі 9 білім ошағы мен 7 балабақшада 12 мыңға жуық бала оқып, тәрбие алуы тиіс. Бірақ әзірге оқушылар саны толық емес.
Бейқұт Жаманкөзов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
- Мектептерде мұғалімдер және ата-аналар тарапынан үгіт-насихат жүргізілуде. Кешегіге қарағанда қосылған бала саны 500-ден асты. Қазір 3 мыңға жуық оқушылар қазір оқуын жалғастыруда.
Сонымен бірге жанжал кезінде біраз тұрғынның құжаттары жоғалған. Қазір оларға ыңғайлы болу үшін жылжымалы Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнге дейін 400-ден астам адамның құжаттары қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ эпидемиолог мамандар шекарадан ел аумағына өткен адамдарды жіті тексеруде. Қордай ауданында 4 арнайы бекет қойылып, оған мониторингтік топ жұмылдырылған.
Күмісбек Рахимов, эпидемиолог:
- Қордай ауданы бойынша 40 мыңнан астам адам өткен екен. Соның ішінен қызуы бар адамдар тіркелген жоқ. Егерде қызуы тіркелген жағдай болатын болса, оларды тез арада оқшаулап, алгоритм бойынша әр құзырлы мекеме өзіндік қызметін атқарады.
Қазір оқиға болған ауылдардың ішін күл-қоқыстан тазарту жұмыстарына күш салынып жатыр. Әрбір бүлінген нысанға акт жасалып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін сметасы дайындалуда. Дәл қазіргі уақытқа дейін өртеніп, қираған 88 нысан мен 47 автокөлік тіркеліп отыр.
Жаппай бейберекетсіздікке жол беріп, ойран салғандар жазаланады. Қазір қайғылы оқиғаға байланысты 25 қылмыстық іс тіркелген. Тәртіпсіздік, кісі өлтіру, бұзақылық, билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, заңсыз қару жасау сияқты деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бас прокуратурамен құрылған ведомствааралық жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті жерде жағдай тұрақты. Кеше 6 ауылдың ақсақалдары бас қосып, бір мәмілеге келді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә