Елордада тұрғын үй құрылысы көлемі бірнеше есеге өспек
Бас қала маңындағы елді мекендерде 100 көше, 5 медициналық мекеме, 4 спорттық-сауықтыру кешені жөндеуден өтеді. Кейбірі жаңадан салынады. Жылы аялдамалар орнатылады. 10 мың балаға арналған бірнеше мектеп бой көтереді. Тұрғын үй құрылысының көлемі бірнеше есеге өспек. Мұны халықпен жүздесіп, есептік кездесу өткізген қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.
Елордада 8 мектепте балалар 3 ауысыммен оқиды. Ал 14 білім ордасында оқушылар саны шамадан тыс көп. Бас қаланың әкімі осындай мәлімет келтіріп, оны шешу жолдарын ұсынды.
Алтай Көлгінов, қала әкімі:
- Биыл біз өткен жылдан 2 есе көп мектеп ашамыз. Өткен жылдан басталған мектеп биыл аяқталады. Біз 10 мың орындық мектепті аяқтаймыз. Ол оқушылар өмірін едәуір жеңілдетеді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Сондықтан біздің кешенді жоспарымызда 50 мектеп салу жоспарланған.
Бүгінде елордада 1 млн 200 мыңдай тұрғын бар. Жылына 25 мыңдай сәби дүниеге келеді. Мектеппен қатар тұрғын үй санын көбейту де жоспарда. Енді ел астанасында тұрғын үй салу 3 есе өседі. Сондай-ақ құрылысы аяқталмаған 42 үй бар. 14 мыңдай үлескер пәтерлерін ала алмай жүр.
Әлия Бектұрсын, құрылыс компаниясының ресми өкілі:
- Айта кету керек, 2020 жылы 20 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қалған 22 нысан осы 3 жылдықта 2021-23 аралығында аяқталады.
Әкім шаһар маңына да назар аударды. Қала айналасында 280 мыңнан астам адам тұратын 16 елді мекен бар. Бұл – қала халқының 25%. Шеткі ауданда 100 көше жөнделеді, кейбірінде жаңадан салынад, кәріз, су жүйелері ауыстырылады.
Алтай Көлгінов, қала әкімі:
- Кирпичный тұрғын алабында ауызсу мәселесі өткір. Тұрғындармен кездескенде бұл мәселеге көз жеткіздім. Интернациональный алабына суағарлар керек. Агроқалашыққа жол, ал Өндіріс тұрғын үй алабына мектеп қажет. Үркерде 10 жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған инфрақұрылым бар. Олар: су, кәріз, жабық жүйелері. Кезінде мердігер компания шаруаны аяқтамай тастап кеткен. Міне, шеткі аудандарда аталған жұмыстарды істеу үшін біз қаржы бөлдік.
Бас шаһардың тағы бір мәселесі – суағарлардың жоқтығы. Жаңбыр жауып, қар ерісе, қала ішін су басады. Былтыр Мыңжылдық ауданында бұл проблема шешілген. Қазір Б.Момышұлы мен А.Иманов көшелерінде суағарлар жасау қолға алынған. Енді Тұран даңғылында да басталмақ. Тиісті жұмыстарды 2021 жылға дейін аяқтау көзделген.
Авторлары: Бірлік Беріұлы, Қорған Төреқожа