Шымкент қаласы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанбақ
Шаһар «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанбақ. 22 наурызда ресми ашылуы өтеді.
Жылдың басты оқиғасына дайындық туралы бүгін мегаполис әкімі еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминге есеп берді. Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, бірнеше нысанды аралады.
Енді бір айдан кейін мыңдаған меймандар мен қонақтар келеді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, ашылу салтанатын жоғары деңгейде өткізу жоспарланып отыр. Биыл Шымкенттің мәдени өмірі ерекше шаралармен есте қалмақ.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Биыл Шымкентте осы мақсатта халықаралық деңгейдегі 34 іс-шара ұйымдастырылады. Ашылу салтанаты 22 наурыз күні Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтеді.
Жиын барысында Үкімет басшысына Шымкент қаласының алдағы жылдарға арналған кешенді даму жоспарының орындалу барысы баяндалды. Сонымен қатар сумен, электрмен және газбен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және көлік инфрақұрылым тарту мәселелері айтылды. Асқар Мамин қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Шымкент қаласын қарқынды дамыту үшін «Шымкент сити» арнайы экономикалық аймағы қолға алынды. Жалпы Үкімет әкімдіктің осы арнайы аймақты салу бойынша ұсынысын қолдайды. Қазіргі таңда жобаны іске асыруға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жоба Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, бүкіл ел экономикасының дамуына үлес қосады. Сонымен қатар ол инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бұл жобаны қаржыландыруға ниет танытқандардың бірі – кореялық компания басшысы Сонг Джебонг.
Сонг Джебонг, компанияның бас директоры:
- Біздің компания «Шымкент сити» қалашығы аймағын дамытумен айналысады. Оның аумағы 60 гектарды құрайды. Жалпы тартылған инвестиция көлемі – 900 млн доллар. Мұнда көпқабатты үйлер, балабақшалар, мектеп, сауда үйі, коммерциялық және офистік нысандар салынады.
Сондай-ақ Премьер-Министр ұзақ жылдардан бері жұмысы тоқтап тұрған тігін және жіп иіру фабрикаларына барды. Оларды іске қосу және тоқыма кластерін одан әрі дамыту жобаларымен танысты. Кәсіпорындарды биыл іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу мен елімізде өңделетін мақта көлемін 2 есе ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
Береке Дүйсебеков, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні бұл кәсіпорында 150-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Иіру фабрикасы 2 ай ішінде 50 тоннадан астам мақта талшығын өңдеп, бүгінгі күні 40 тоннадан астам иірім жіп өндірді.
Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайда болып, сағатына 2 мың жолаушы өткізетін жолаушылар терминалының жұмысымен танысты. Жоба қазан айында тапсырылады. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Шымкент қалашығы» реставрациялау және музейлендіру жобасын тексерді. Өңірдің туристік әлеуетін дамыту аясында салынып жатқан «Қасқасу» туристік кешенінің жобасымен танысты.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нұрмахан Мусатов, Нұрмахан Бекмұратов