Өскеменде 40-қа жуық көппәтерлі үй апатты және ескірген баспаналар санатында тұр
«Басқа барар жеріміз болмағандықтан, осы баспаналарды паналауға мәжбүрміз. Өйткені пәтер кезегі жылжымай жатыр», – дейді тұрғындар.
Жалғызбасты ана Жансая Қасымбаева 3 бала тәрбиелеп отыр. Оның біреуі – жарымжан. 6 жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Мынау әкімдіктің «уақытша тұрыңдар» деп берген баспанасы екен.
Жансая Қасымбаева, үй тұрғыны:
- Жағдайды біліп отырып берген үйлері осы. «Уақытша тұра тұрыңдар, кезекті күтіңіздер», – деген еді. Ал мен 2-3 айдан соң кезегімді сұрасам, екі-ақ үй жылжыған.
Аблакетка ықшамауданындағы үйдің тұрғындары апатты үйде күн кешудің қандай қорқынышты екенін бәрінен жақсы біледі. 60-70 жыл бұрын салынған баспаналар бүгінде қақырап әрең тұр. Жұрт жауын-шашында төбеден сорғалаған сумен алысса, қатты дауылда тіптен мазалары қашады.
Өскеменде дәл осындай әбден ескірген үйлерде 140-тан астам отбасы тұрып жатыр. Ал сала басшылары: «Пәтер кезегі ретімен жылжып келеді», – дейді.
Фархат Жылыбаев, қалалық «Тұрғын үй қатынасы бөлімі» ММ басшысы:
- Биыл 5 жалдамалы үй қолданысқа берілмек. Онда 700 пәтер бар. Кезектегі сонша отбасы жалдамалы пәтер кілтін алады.
Саладағы заңбұзушылықтар да кезектің жылжуына кедергі келтіріп отыр. Өткен жылы прокуратура талай былықтың бетін ашты. 600 мемлекеттік қызметкер пәтер кезегінде заңсыз тұрған. Оның үстіне жергілікті Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы 10 жыл бойы пәтер кезегін жаңартып, реттеу жұмыстарын жүргізбеген болып шықты.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин